Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері 11 қарашада Алматыда діни экстремизмді насихаттады және дінаралық араздықты қоздырды деген күдікпен 44 жастағы ер адамды ұстады. Бұған дейін полиция ұзақ уақыт жедел жұмыс жүргізіп, оның ішінде интернеттегі әрекеттерін құжаттаған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына орналастырылды, деп хабарлады ІІМ.
Тергеу мәліметінше, ер адам 2024 жылдан бері Қазақстаннан тыс жерде жүріп, радикалды идеяларды сол жақтан таратып келген: жабық Telegram-топтарды басқарып, онлайн-дәрістер өткізген және ізбасарларына идеологиялық ықпал еткен. Бұған дейін сот оның бірқатар аудиодәрісін терроризмді насихаттау және діни араздықты қоздыру белгілері бойынша экстремистік материал деп таныған. Ол діни білімді шетелдегі теологиялық оқу орындарында алған.
Министрлік хабарламасына сәйкес, ер адам пікірлестері арасындағы беделін пайдаланып, 2024–2025 жылдары олардан 60 млн теңгеден астам ақша алған.
Ұстаумен қатар Алматы мен Жамбыл облысында тергеу әрекеттері жүргізілді. Тінту кезінде полицейлер діни әдебиет пен экстремистік идеология белгілері бар қолжазбаларды тәркіледі. Қазір ІІМ істің барлық мән-жайын, ықтимал сыбайластар мен өзге де қатысы барларды анықтап жатыр.
Қыркүйекте ІІМ дінді жамылған 22 қылмыстық топтың жолы кесілгенін хабарлаған еді: ол кезде 64 адам ұсталды. Радикалдардың жастар мен әйелдерді қалай арбайтыны және мемлекеттің терроризмді қаржыландыруды қалай тосатыны туралы airpress.kz бұған дейін жазған.



