Мазмұнға өту
2026 жылғы 16 қараша, дүйсенбі

Димаш Құдайбергеннің анасы Монтеррейде жанкүйерлерге сөз сөйледі

DIMENSIONS турының концерті қарсаңындағы кездесуді жергілікті Dimash & Dears Regias Monterrey фан-клубы ұйымдастырды.

Встреча поклонников Димаша Кудайбергена в Монтеррее
Фото: DimashNews

Димаш Құдайбергеннің анасы Светлана Айтбаева 13 қарашада, ұлының концертінен бір күн бұрын, Монтеррейдегі кездесуде мексикалық жанкүйерлер алдында сөз сөйледі. Бұл туралы DimashNews порталы хабарлады.

Айтбаева кештің құрметті қонағы болып, сөзді ең соңында алды. Ол жанкүйерлерге Димаш пен Қазақстанға деген сүйіспеншілігі үшін, қазақ мәдениетін насихаттап, Қазақстан елшілігімен бірге жұмыс істегені үшін алғыс айтты. Сондай-ақ қазақстандықтардың сәлемін жеткізіп, Монтеррей көшесінде пайда болған ұлының бейнесі салынған жаңа муралды атап өтті. «Елдерімізді мыңдаған шақырым бөліп тұр, бірақ жүректеріміз жақын. Димаштың музыкасы бізді біріктіріп, Қазақстан мен Мексика арасындағы тамаша достықтың бастауы болды», — деді ол. Сөзін ол: «Жасасын Қазақстан! Жасасын Мексика! Жасасын біздің достығымыз!» — деп аяқтады.

Кездесу Фундидора саябағындағы La Fundación залында өтті. Оны жергілікті Dimash & Dears Regias Monterrey фан-клубы ұйымдастырды. Қонақтарға қаланың тарихы туралы деректі фильм көрсетіліп, жергілікті әншілер Дженни Вильчис пен Аня Харамильо, фольклорлық балет өнер көрсетті. Тур командасындағы қазақстандық музыканттар да сахнаға шықты: Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз домбырада дуэт болып ойнады, ал Санжай Әлмішев «Жалғыз бақташы» әуенін орындады. Кешті мексикалық радиожүргізуші Пончо Иеска жүргізді. Ол 2021 жылдан бері Димаштың өнеріне 50-ден астам реакция жазған.

Димаш Құдайберген — алты октавалық дауыс диапазоны бар қазақстандық әнші. Қазір ол DIMENSIONS әлемдік турының Латын Америкасындағы бөлігін жалғастырып жүр. 11 қарашада Меридада өнер көрсеткен соң, ол 14 қарашада Монтеррейде концерт берді, кейін жергілікті жанкүйерлер сыйлаған муралға әнмен жауап берді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз