Ресей Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерде НАТО-дан Украинада ғана емес, Мәскеу өзінің ықпал аймағы санайтын Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия елдерінде де ешқандай әскери әрекет жүргізбеуді талап етіп отыр. Бұл туралы The Washington Post Ресей тарапы 10–11 қарашада Әбу-Дабиде өткен Украина, Ресей және АҚШ үшжақты кездесуіне дайындаған келіссөз тезистеріне сілтеме жасап жазды.
Мәскеудің басты талабы — НАТО-ның әскери қатысуын 1997 жылғы деңгейге, яғни альянс шығысқа кеңеймей тұрған кезеңге қайтару. Бұл НАТО әскері мен қару-жарағын Польшаға, Венгрияға, Чехияға, Балтық елдеріне және альянсқа кейін кірген басқа мемлекеттерге орналастыруға тыйым салуды білдіреді. Газеттің дерегінше, бұл Кремльдің толық ауқымды басып кіруден екі ай бұрын, 2021 жылғы желтоқсанда АҚШ пен НАТО-ға қойған ультиматумдарын сөзбе-сөз дерлік қайталайды. Ол кезде Джо Байден әкімшілігі мен одақтастар оларды бірден қабылдауға болмайтын талап ретінде қайтарған еді.
Алайда The Washington Post жазғандай, жаңа құжат кей тармақтарда 2021 жылғы талаптардан да әрі асып түседі:
- Украина НАТО-ға ешқашан кірмеуі ғана емес, Еуропалық одаққа мүше болған жағдайда оның ортақ қауіпсіздік және қорғаныс саясатына да қатыспауы тиіс;
- Украина армиясы мен күштік құрылымдарының саны мен қару-жарағын қысқарту, Батыстың қару-жарағы мен техникасын жеткізуді толық тоқтату, ел аумағында шетелдік әскер мен әскери нысандарға тыйым салу талап етіледі;
- бұрын Мәскеу Еуропада АҚШ ядролық қаруын орналастырмауын талап еткен болса, енді Франция мен Ұлыбританиядан да одақтастармен «ядролық алмасудан» бас тартуды талап етеді. Бұл идеяны өткен жылы Франция президенті Эммануэль Макрон Еуропаның Американың «ядролық қолшатырына» тәуелділігін азайту үшін ұсынған болатын.
«Путиннің ұзақ мерзімді мақсаты — Мәскеудің бір кездері Кеңес Одағының құрамында болған көрші елдерге ықпалын күшейтуге ұмтылуы», — деп жазады The Washington Post. Бұл Қазақстан үшін тікелей маңызды: ресейлік құжатта Орталық Азия Украинамен қатар Мәскеу Батыспен әскери ынтымақтастыққа жол жапқысы келетін аймақ ретінде аталған. Қазақстан НАТО мүшесі емес, бірақ альянспен «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» бағдарламасы бойынша бұрыннан ынтымақтасып келеді.
Бұл жарияланым Кремль Украинадағы бейбітшілікті Еуропадағы бүкіл қауіпсіздік жүйесін қайта қараумен байланыстыруға тырысып жатқан тұста шықты. Сенбіде Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Еуропамен келісім болмаса, Ресей мақсатына күшпен жететінін айтып қорқытты. Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига Путин «өзін 1945 жылғы Ялтада көреді» деп жауап берді. Канада премьер-министрі Марк Карни Еуропаның қауіпсіздік құрылымын Ресей емес, еуропалық елдер мен НАТО айқындайтынын мәлімдеді.
Әбу-Дабидегі келіссөздер ақпаннан бергі алғашқы үшжақты кездесу болды және ешқандай серпіліссіз аяқталды. АҚШ президентінің арнайы өкілі Джаред Кушнер содан кейін Вашингтон енді Мәскеу мен еуропалықтар арасында тікелей байланыс орнатуға назар аударып, келесі раундтың күн тәртібін дайындап жатқанын айтты. Украина президенті Владимир Зеленский америкалықтар Киевтен алғаш рет Украина НАТО-ға мүшелік алса, Донбастан әскерін шығара ма деп сұрағанын жеткізді.



