Toyota АҚШ-та гибридті қондырғысы жоқ 2022–2023 және 2025–2026 модель жылдарындағы 62 мыңға жуық Tundra пикабын кері шақырып жатыр. Қозғалтқышқа дұрыс жасалмаған таратқыш білік орнатылуы мүмкін, ол жүріп келе жатқанда сынып кетуі ықтимал. Мұндай жағдайда көлік жоғары жылдамдықта тартым күшін жоғалтады, ал жол апатының қаупі артады, деп 13 қарашада хабарлады Toyota.
Ақаулы таратқыш біліктер бір жеткізушінің бір өндірістік партиясынан шыққан. Toyota-ның бағалауынша, кері шақырылған көліктерде мұндай бөлшек шамамен 300, бірақ барлық пикап тексеріледі. Дилерлер таратқыш білікті қарап шығып, ол осы партиядан болса, тегін ауыстырады. Көлік иелеріне 2027 жылғы қаңтардың ортасына дейін хабарланады.
Кері шақыру Америка нарығындағы көліктерге жарияланды. Оның басқа елдерге, соның ішінде Қазақстанға әкелінген пикаптарға қатысы бар-жоғын Toyota да, оның Қазақстандағы дистрибьюторы Toyota Motor Kazakhstan да хабарлаған жоқ.
Бұл Toyota-ның АҚШ-тағы екі күн ішіндегі екінші кері шақыруы. 12 қарашада компания Toyota мен Lexus-тың 314 мыңға жуық көлігін кері шақырған: алдыңғы жолаушының қауіпсіздік жастығында Takata газ генераторлары тұр, олар уақыт өте келе іске қосылған кезде жарылып, адамдарды металл сынықтарымен жаралауы мүмкін.



