Алматыдағы қалалық ақылы тұрақтардың операторы «Алматы Паркинг» тұрақтардың бірінде тақтада бағаның қате көрсетілгенін мойындады. Жүргізуші Threads-те шағымданды: белгіде сағатына 100 теңге деп жазылған, ал төлем кезінде одан 200 теңге ұсталған.
«Дүкенге барғанда сөреде тұрған тауардың бағасы 500 теңге болса, ал кассада оны 1000 теңгеге соқса, мен оны 500 теңгеге сатып алуға құқылымын», — деп жазды алматылық. Ол ақылы тұрақтардың бүкіл қалада, тіпті тұрғын үйлердің жанында да пайда болғанына наразылық білдіріп, 200 теңгесін қайтаруды талап етті.
«Алматы Паркинг» 4 қазаннан бастап қалада сараланған тарифтер қолданылатынын хабарлады: тұрақтың бір сағаты учаскенің жүктемесі мен көлік ағынының қарқынына қарай 100, 150 немесе 200 теңге тұрады. «Тексеру барысында бұл учаскеде ақпараттық тақталарда көрсетілген баға мен тұрақтың іс жүзіндегі құны арасында қысқа уақыт сәйкессіздік болғаны анықталды», — деп хабарлады компания. Жүргізушіге ақша қайтарыла ма, әңгіме қай тұрақ туралы — бұл жағы нақтыланбады.
Алматыда жаңа тарифтер күзде енгізілді, бұған дейін тұрақ ақысы 2016 жылдан бері көтерілмеген еді. 4 қазаннан кейін тұрақ қанша тұратынын, оны қалай төлеуге және айыппұлға қалай шағым беруге болатынын жеке материалда жинақтадық.



