Ұлттық банк қазақстандықтардың бөліп төлеу қызметіне қолжетімділігін шектемейді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин мәлімдеді. Оның айтуынша, реттеушінің мақсаты басқа: нарықты ашық етіп, сатып алушыларды қорғаудың ең төменгі талаптарын енгізу. Әңгіме ең алдымен банктер емес, маркетплейстер, дүкендер және басқа да банктік емес компаниялар ұсынатын бөліп төлеу туралы болып отыр.
Ұлттық банк үш негізгі бағытты атады:
- шарттың барлық маңызды талаптарын, оның ішінде төлем кешіктірілгені үшін салынатын айыппұл мен тұрақсыздық айыбының мөлшерін ашып көрсету;
- сатып алушыларды адастырмауы үшін бөліп төлеу жарнамасына талаптар енгізу;
- мұндай бөліп төлеуді кредиттік бюрода есепке алу мәселесін пысықтау.
Бөліп төлеудің бағасы мен көлемін реттеу Ұлттық банктің жоспарында жоқ. Жаңа ережелердің салдарынан тауарлар қымбаттап кетпеуі және қолжетімсіз болып қалмауы үшін сатушылардың, сауда компанияларының және сатып алушылардың мүддесі ескерілмек.
Қазір банктік емес компаниялардың көпшілігімен жасалған мәмілелер кредиттік тарихқа түспейді, оларға қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау ережелері де қолданылмайды. Сондықтан адам жалпы қанша қарызы барын көре алмауы мүмкін, ал шарттағы айыппұлдар түсініксіз жазылып жатады. Тутушкиннің айтуынша, кредиттік бюро деректерінсіз мұндай қарыздың ауқымын бағалаудың өзі қиын. «Тұтынушы шартқа қол қоймас бұрын неге келісіп отырғанын түсінуі керек», – деді ол.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары бөліп төлеуге зат алмас бұрын төлемнің жалпы сомасын, айыппұл мөлшерін және төлем кешіккендегі салдарын тексеруге, сондай-ақ барлық несие мен бөліп төлеу бойынша ай сайынғы төлемдерді қосып есептеуге кеңес береді. Шарт пен төлем кестесін сақтап қойған жөн.
Ережелердің қашан өзгеретіні әзірге белгісіз. Нақты тетіктер, компаниялар тізімі және мерзімдер басқа мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін анықталады. Дискуссиялық құжатқа пікірлер 3 қарашаға дейін жиналды, бірақ ұсыныстарды bnpl@nationalbank.kz поштасына қазір де жіберуге болады. Өз ұстанымын қауымдастықтар, маркетплейстер, ритейлерлер және жеке тұлғалар жолдап үлгерді, ал қорытындысы бойынша Ұлттық банк жиынтық ақпарат жариялайды.
Ұлттық банк бөліп төлеу және BNPL нарығы туралы дискуссиялық құжатты 9 қыркүйекте жариялаған. BNPL, яғни «қазір ал, кейін төле», – бағасы әдетте төрт тең төлемге бөлінетін қысқа мерзімді бөліп төлеу. Құжатта мұндай сервистерден бөлек, сатушылардың өзі ұсынатын бөліп төлеу мен кейін сатып алу шартымен жалға беру схемалары да қарастырылған – тұрмыстық техникадан бастап көлік пен тұрғын үйге дейін. Ұлттық банк сәуір айында-ақ бөліп төлеуді қарыз алушылардың қарыз жүктемесін есептеуде ескергісі келетінін айтқан.



