Ресей ФСКН басқармасының қызметкерлері Омбы қаласы мен Омбы облысының Калачинск ауданында арнайы операция жүргізіп, есірткі сатушы деп күдіктелген екі адамды ұстады. Олардан салмағы 1,2 кг-нан асатын синтетикалық есірткі партиясы табылды.
Ұсталғандардың бірі — Омбыға жоғары оқу орнында оқуға барған, рэп орындаушы ретінде танымал 23 жастағы Қазақстан азаматы. Ведомство мәліметінше, ол бұл іске танысын — Калачинскінің 26 жастағы тұрғынын тартқан.
Есірткі полициясының хабарлауынша, рөлдер бөлінген: жетекші ірі партияларды «закладка» арқылы сатып алып, бір бөлігін Омбыда өткізген, қалғанын Калачинскідегі серігіне берген. Олар бірнеше доза «дизайнерлік» есірткіні сату кезінде ұсталды.
Ұйымдастырушы деп күдіктелген адамның үйін тінту кезінде тағы 1 кг 200 г синтетикалық есірткі мен 6 г марихуана, сондай-ақ электронды таразы, компьютерлер мен телефондар табылды. Сарапшылардың бағалауынша, тәркіленген заттар бірнеше ондаған мың бір реттік өлімге әкелетін дозаға жетер еді.
Алдын ала деректер бойынша, ұсталғандар ресми түрде еш жерде жұмыс істемеген, өздері де есірткі қолданған, ал түскен ақшаны достарымен демалуға және көңіл көтеруге жұмсаған. Қылмыстық іс қозғалды, күдіктілер қамауға алынып, тергеу изоляторына қамалды. Ресей Қылмыстық кодексі бойынша мұндай әрекет үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаралған.
«Радиоточка» материалдары бойынша.



