Мазмұнға өту

Ақтауда көпбалалы әке үйі тұрған жерінен айырылып, пикетке шықты

Дмитрий Марков бұрынғы жер иесімен бес жыл соттасып, ұтылды, енді ол салған үйі мен шеберханаларын бұзуға тиіс.

Ақтауда Марковтар отбасы Ынтымақ алаңындағы ту тұғырының алдына плакаттармен шықты. Отбасы басшысы Дмитрий Марков осылайша үйі салынған жер телімінен айырылып жатқанына наразылық білдірді. Бұл туралы «Тумба» басылымы хабарлады.

Газет бұл оқиға туралы бір жарым жыл бұрын жазған. Қырғызстаннан көшіп келген отбасы көп жыл бұрын сатып алған жері үшін күресіп келеді. Марков бұл жерге үй мен шеберханалар салған, бірақ енді оны құрылыстарды бұзып, жерді бұрынғы иесіне қайтаруға міндеттеп отыр.

Дмитрий Марков әйелі және үлкен ұлымен 2003 жылы Ақтауға көшіп келген. Екі жылдан кейін ол Приморский кентінен 3 400 долларға жер телімін сатып алған. ҚР азаматтығы болмағандықтан, жерді өз атына рәсімдей алмаған, сондықтан мәміле ауызша келісім мен сатушының қолхатына ғана сүйенген. Марков Қазақстан азаматтығын 2008 жылы алған.

Осыдан кейін бұрынғы жер иесі Ордин мырза нарықтық жағдайды алға тартып, тағы 15 мың доллар төлеуді талап еткен. Қарапайым сантехник, төрт ұлдың әкесі әрі отбасының жалғыз асыраушысы Марковта мұндай ақша болмаған. Ордин сотқа жүгініп, істі ұтып шыққан. Сот дауы бес жылға созылды: Марков талай адвокат ауыстырса да, барлық сатыда жеңіліп қалды.

Былтыр құрылыстарды бұзу және жерді бұрынғы иесіне қайтару туралы апелляциялық сатының шешімі заңды күшіне енген кезде Марков облыс әкімдігінің ғимараты алдында наразылық акциясын өткізбек болған. Сол кезде билік, прокуратура мен полиция араласып, мәселені шеше бастаған.

Бір ай бұрын Марков шағым түсірген Бас прокуратура облыстық прокуратураға істі басынан аяғына дейін қайта қарауды тапсырды. Марковтың айтуынша, әзірге ешқандай ілгерілеу жоқ. Ол билік пен қоғамның назарын аудару үшін алаңға отбасымен және науқас егде анасымен бірге келді. Қазір отбасында бес бала бар.

«Радиоточка» материалдары бойынша.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз