Леонардо Ди Каприо 73-ші «Алтын глобус» сыйлығын табыстау салтанатында драмалық фильмдегі үздік актер атанды. Салтанат жексенбі күні кешке Лос-Анджелестегі «Беверли Хилтон» қонақүйінде өтті. Әнші Леди Гага мини-сериал не телефильмдегі үздік актриса ретінде марапатталды.
Ди Каприо «Тірі қалған» фильміндегі рөлі үшін сыйлық алды. Бұл – актердің үшінші «Глобусы». Ол бұл номинацияда Брайан Крэнстонды, Майкл Фассбендерді, Эдди Редмэйн мен Уилл Смитті басып озды. «Тірі қалған» үздік драмалық фильм деп танылды, ал оның режиссері Алехандро Гонсалес Иньярриту үздік режиссер атанды. Иньярриту былтыр «Бердмэн» фильмі үшін «Глобус» алған еді.
Леди Гага «Америкалық қорқынышты оқиға» сериалындағы рөлі үшін марапатталды. Бұл жеңіс әнші үшін күтпеген нәтиже болды.
Драмадағы үздік актриса – Бри Ларсон («Бөлме»). Комедия мен мюзикл санатында Ридли Скоттың «Марстық» фильмі жеңді, ал үздік актерлер болып Мэтт Дэймон («Марстық») пен Дженнифер Лоуренс («Джой») танылды. Екінші пландағы рөлдер үшін Сильвестр Сталлоне («Крид: Рокки мұрасы») мен Кейт Уинслет («Стив Джобс») марапатталды. Үздік сценарий авторы – «Стив Джобс» фильмі үшін Аарон Соркин.
Үздік музыканы «Жиіркенішті сегіздік» фильміне Эннио Морриконе жазды. 87 жастағы композитор салтанатқа келмеді, оның орнына мүсіншені Квентин Тарантино алды. Pixar студиясының «Басқатырғыш» туындысы үздік анимациялық фильм, венгриялық «Саулдың ұлы» үздік шетел тіліндегі фильм болды.
Сериалдар арасында «Мистер Робот» (драма) мен «Джунглидегі Моцарт» (комедия) жеңді, ал үздік мини-сериал болып «Қасқырлар залы» танылды.
Сыйлықты Голливудта аккредиттелген шетелдік журналистер қауымдастығы береді. Биыл марапаттар 25 санат бойынша табысталды: оның 14-і – кино, 11-і – телевизия санаттары.
«Радиоточка», Zakon.kz және Kaktus.media материалдары бойынша.



