OpenAI желтоқсаннан бастап Plus, Pro және Business тарифтеріндегі жазылушылар үшін ChatGPT пен Codex лимиттерін біріктіреді. Codex — компанияның бағдарламашыларға арналған ЖИ-көмекшісі. Бұл туралы компанияның 31 қазанда жаңартылған анықтамалық бетінде айтылған. Чат-ботқа күрделі тапсырмаларды жиі беретін пайдаланушылардың лимиті бұрынғыдан тезірек таусылуы мүмкін.
Қазір ортақ лимит Codex пен ChatGPT-дегі Work режиміне ғана қолданылады. Желтоқсаннан бастап оған чат-боттың өзі де қосылады. Шығын токенмен есептеледі. Токен — тілдік модель жұмыс көлемін өлшейтін мәтіннің шағын бөлігі, шамамен сөздің бір бөлігі. Модель неғұрлым қуатты, тапсырма неғұрлым күрделі болса, лимит соғұрлым тез жұмсалады.
Instant модельдеріндегі қарапайым жылдам хат алмасу лимитке есептелмейді. Лимит ең алдымен агенттік тапсырмаларға қатысты. Мұндайда жасанды интеллект көп қадамды жұмысты өзі атқарады: ақпарат іздеп, жинақтайды, құжат дайындайды, код жазып, оны тексереді. Лимит таусылса, OpenAI үш жол ұсынады:
- лимиттің жаңаруын күту;
- қымбатырақ тарифке ауысу;
- жұмысты жалғастыру үшін қосымша кредит сатып алу.
Қалған лимит пен оның қашан жаңаратынын ChatGPT баптауларындағы Usage бөлімінен көруге болады. Әр тарифке қанша токен берілетінін компания әзірге жарияламады. OpenAI желтоқсандағы нақты іске қосу күнін де, тегін нұсқаға қатысты өзгерістерді де атаған жоқ.
Жаңа тәртіп OpenAI-дың Work режимінің мүмкіндіктерін чат-боттың негізгі интерфейсіне көшіруімен байланысты. Work режимінде ChatGPT жұмыс тапсырмаларын агент ретінде орындайды. Қазір пайдаланушылар Chat пен Work режимдерінің арасында ауысып отыруы керек.
ChatGPT Қазақстанда ресми түрде жұмыс істейді, ақылы жазылым мұнда да басқа елдердегідей рәсімделеді. Сондықтан өзгерістер қазақстандық жазылушыларға да қатысты болады. Компания Қазақстан туралы жеке ештеңе хабарлаған жоқ.
Соңғы апталарда OpenAI жаңа табыс көздерін белсенді іздеп жүр. Қазан айының соңында компанияның жаңа раундта жоспарлаған 30 млрд доллардың тек 11 млрд долларын жинағаны белгілі болды. OpenAI Codex-ті әзірлеушілерге арналған жеке өнім ретінде дамытып келеді: ол бағдарламаларды өз бетінше жаза, түзете және тестілей алады.


