«Жусан» операциясы — Қазақстанның Сириядағы соғыс аймағынан өз азаматтарын елге қайтару жөніндегі гуманитарлық операциясы. Оны 2019–2021 жылдары ҰҚК басқарып жүргізді. ҰҚК-ның 2025 жылғы шілдедегі дерегінше, елге 735 адам оралды. Оның 506-сы — бала, соның ішінде 34 жетім бала. Террорлық әрекетке қатысқаны үшін 55 ересек адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, қалғандары оңалту бағдарламаларынан өтті.
Қазақстандықтар Сирияға неге кетті
Сириядағы азаматтық соғыс 2011 жылы басталды. 2013–2015 жылдары ДАИШ террорлық тобы (Қазақстанда тыйым салынған) Сирия мен Ирактың бір бөлігін басып алып, бүкіл әлемнен, соның ішінде Орталық Азиядан да адамдарды өзіне шақыра бастады. Жалдаушылар негізінен интернет арқылы жұмыс істеді: бейнежазбалар, әлеуметтік желілер, мессенджерлер. Ер адамдарды «дін үшін соғысуға», әйелдерді «ислам қағидасымен өмір сүруге» үгіттеді. Көпшілігі кішкентай балаларын алып, бүкіл отбасымен кетті.
2014 жылдың көктемінде-ақ саясаттанушы Ерлан Карин бұл тақырып төңірегіндегі ақпараттық соғысқа назар аударған. 2013 жылдың күзінде шыққан содырлардың бейнежазбасында Сирияда 150 қазақстандық бар делінген. Карин бұл санды үгіт үшін әдейі көбейтілген деп санады, ал ҰҚК Қазақстан азаматтарының ол жақта бар екенін мойындады. Сол кезде Карин «Сирия қақтығысындағы Орталық Азия содырлары» атты сараптамалық баяндама дайындап, ол туралы «Радиоточка» порталы жазған. Кейін «Радиоточка» «жиһадшыл интернационалға» қалай қарсы тұру керегін және жалдаушылар пайдаланатын идеялық бос кеңістікті немен толтыруға болатынын талқылаған.
«Жусан» операциясы қалай өтті
Жусан — туған жердің және елге деген сағыныштың символы. 2019 жылға қарай ДАИШ өз аумақтарынан айырылды, ал содырлардың мыңдаған әйелі мен баласы Сирияның солтүстік-шығысындағы лагерьлерде қалды. Қазақстан өз азаматтарын сол жерде қалдырмай, елге қайтаруды ұйғарған алғашқы елдердің бірі болды.
Алғашқы төрт кезең 2019 жылы өтті. ҰҚК 2020 жылғы ақпанда шығарған қорытынды бойынша, сол кезде Сириядан 595 адам әкелінді:
| Кезең | Барлығы | Ер адамдар | Әйелдер | Балалар |
|---|---|---|---|---|
| 1-кезең | 47 | 6 | 11 | 30 |
| 2-кезең | 231 | 16 | 59 | 156 |
| 3-кезең | 246 | 8 | 67 | 171 |
| 4-кезең | 71 | 3 | 19 | 49 |
| Барлығы | 595 | 33 | 156 | 406 |
Бұдан бөлек, «Русафа» операциясы аясында Ирактан 14 бала қайтарылды. Кейін азаматтарды елге қайтару жалғасып, 2021 жылға қарай оралғандардың жалпы саны 700 адамнан асты.
Сириядан оралғандардың тағдыры қандай
ДАИШ қатарында соғысқан немесе оған көмектескен адамдар елге оралған соң сотталды. ҰҚК 2020 жылғы ақпанда 43 адамның (31 ер адам мен 12 әйел) сотталғанын хабарлаған, ал 2025 жылы жауапкершілікке тартылғандар саны 55-ке жетті. Қалған ересектер, негізінен әйелдер, бейімделу бағдарламаларынан өтті. Оларға дәрігерлер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер және дінтанушылар көмектесті. Дінтанушылар нағыз діннің террористердің идеяларынан айырмашылығын түсіндірді.
ҰҚК дерегінше, оралған әйелдер мен балалардың бәрі оңалту және бейімделу курстарынан өтті. 76 әйел радикалды көзқарастан бас тартып, қазір халықаралық алаңдарда сөз сөйлейді. 2026 жылғы шілдеде Қазақстан «Жусан» тәжірибесін Нью-Йоркте өткен БҰҰ-ның Терроризмге қарсы апталығында таныстырды. Онда оралған әйелдердің бірі сөз сөйледі: ол мемлекеттің қолдауымен өз ісін ашқан.
Сирияда қазақстандықтар қалды ма
Жаппай кезеңдер енді жоспарланбайды: ҰҚК-ның айтуынша, елге оралғысы келгендердің барлығы дерлік қайтарылды. 2025 жылғы наурызда Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев Сирияда 30-дан астам қазақстандық қалғанын хабарлады. Олардың бір бөлігі елге оралғысы келмейді, ал кейбірі Сирия азаматтығын алмақ. Күрдтер бақылайтын лагерьлердегі ондан астам әйел де елге қайтудан бас тартты.
Бүгінде елде жалдау мен терроризмді қаржыландыруға қалай тосқауыл қойылып жатқаны туралы «терроризмге қарсы күрес» материалында оқи аласыз.
Егер жақын адамыңызды интернетте жалдап жатқанын байқасаңыз, ҰҚК-ға немесе 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласуға болады.



