Samsung кеше, 12 қарашада Астана уақытымен сағат 19:00-де Google-мен бірге әзірлеген Intelligent Eyewear ақылды көзілдірігінің бағасы мен сатылымға шығатын күнін жариялады. Gemini жасанды интеллект көмекшісі орнатылған көзілдірік 10 желтоқсанда АҚШ пен Оңтүстік Кореяда сатылымға шығады, ал алдын ала тапсырыс қазірдің өзінде ашық. Warby Parker жиектеріндегі модельдер 395 доллардан басталады, дизайны батылырақ Gentle Monster нұсқалары 449–489 доллар тұрады.
Көзілдіріктің экраны жоқ: көмекші кірістірілген динамиктер арқылы дауыспен жауап береді, ал айналаны камера арқылы «көреді». Сырттай қарағанда бұл салмағы шамамен 41 грамм болатын қарапайым көзілдірік. Коллекцияда барлығы 30 нұсқа бар: Gentle Monster-дің алты пішін негізіндегі 16 нұсқасы және Warby Parker-дің үш пішін негізіндегі 14 нұсқасы. Олар оптикалық әрі күннен қорғайтын түрде шығарылады.

Gemini-ден көз алдыңдағы нәрсе туралы сұрауға болады: мысалы, бұл қандай ғимарат не зат екенін біліп, әңгімені қосымша сұрақтармен жалғастыруға болады. Көзілдірік мейрамханадағы мәзірді аударады, Google Maps арқылы бағытты қадам сайын көрсетеді, жиналыстағы тақтаны суретке түсіріп, қысқаша конспектісін Samsung Notes-қа сақтай алады. Сондай-ақ маңызды хабарландыруларды дауыстап оқып береді, қоңырау шалуға және хабарламаларға дауыспен жауап беруге мүмкіндік береді.
Барлық модельдің ішкі құрылғысы бірдей. Есептеудің бір бөлігін көзілдірік қосылған смартфонға береді, сондықтан салмағы жеңіл болып шыққан:
- 12 Мп камера, секундына 30 кадрмен 3K бейне;
- екі ашық динамик пен төрт микрофон;
- Qualcomm Snapdragon AR1 Gen 1 процессоры, 2 ГБ жедел жад және файлдарға арналған 64 ГБ;
- 9 сағатқа дейін жұмыс істейді, зарядтау қабымен бірге 72 сағатқа дейін;
- IPX4 стандарты бойынша шашыраудан қорғалған, Wi-Fi 6E және Bluetooth 5.4 қолдайды.

Көзілдірік тек Galaxy-мен ғана жұмыс істемейді. Оған One UI 9 және одан жаңа нұсқадағы Samsung-тың S, S FE, Z Fold және Z Flip сериялы смартфондары, Google Pixel 7 және одан кейінгі модельдер, сондай-ақ жедел жады 6 ГБ-тан асатын, iOS 26.6 және одан жаңа нұсқадағы iPhone 13 пен одан кейінгі модельдер сәйкес келеді. Көзілдірікті тек 18 жастан бастап пайдалануға болады: іске қосқанда жасын растау керек.
Камера түсіріп жатқанда жиектегі индикатор жанады, ал оны жауып тастаса немесе ол істен шықса, түсірілім қосылмайды. Samsung-тың мәліметінше, Gemini бөгде адамдардың бетін автоматты түрде жасырады, ал суреттер жасанды интеллектті оқытуға және жарнама көрсетуге пайдаланылмайды.
Қазақстанда көзілдірік ресми түрде әзірге сатылмайды, Samsung басқа нарықтарға шығару туралы хабарлаған жоқ. Ұлттық банктің бағамы бойынша ең арзан нұсқасы шамамен 176 мың теңге, ал ең қымбат Gentle Monster үлгілері шамамен 217 мың теңге тұрады. Бұл бағаға ҚҚС пен дүкендердің үстеме бағасы кірмейді.
Samsung көзілдірікті алғаш рет шілдеде Galaxy Unpacked таныстырылымында көрсетті, кейін инсайдерлер оның желтоқсанда сатылымға шығатынын хабарлады. Жаңа құрылғының басты бәсекелесі – Meta компаниясы Ray-Ban және Oakley брендтерімен бірге шығаратын ақылды көзілдірік.



