Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина ISU Гран-при сериясының Эверетте (АҚШ) өткен Skate America-2026 кезеңінде бесінші орын алды. 19 жастағы спортшы екі бағдарлама қорытындысы бойынша 198,59 ұпай жинады. Бұл туралы Sports.kz келтірген Халықаралық конькиші одағының (ISU) хаттамаларынан белгілі болды.
Қазақстандық спортшының нәтижесін еркін бағдарлама шешті. Ол үшін Самоделкина 137,56 ұпай алды: техникаға 76,26, компоненттерге 61,30 ұпай берілді. Бұл — турнирдегі еркін бағдарламаның төртінші нәтижесі әрі сырғанаушының биылғы маусымдағы ең жақсы көрсеткіші. Қысқа бағдарламада 61,03 ұпай жинаған ол бар болғаны 11-орында тұрған еді.
Кезеңде жапониялық Ами Накаи 236,81 ұпаймен сенімді жеңіске жетті. Екінші орынды 213,90 ұпай жинаған ресейлік Александра Игнатова (Трусова), үшінші орынды Жапонияның тағы бір өкілі Рино Мацуике (211,63) иеленді. Оңтүстік Кореядан келген Юджэ Ким (204,28) төртінші болып, қазақстандық спортшыны 5,69 ұпайға озып кетті.
Турнирден кейін Самоделкина Instagram-да жанкүйерлеріне алғыс айтып, қазақстандық қолдаушыларына қазақ тілінде жеке үн қатты: «Бәріне сәлем! Қолдауларыңыз үшін көп рақмет! Алға!». Бұл туралы Sports.kz хабарлайды.
Skate America — мәнерлеп сырғанаудағы маусымның басты халықаралық сериясы саналатын ISU Гран-при кезеңдерінің бірі. Кезеңдер қорытындысы бойынша әр сайыс түрінен ең үздік алты спортшы желтоқсандағы серия финалына шығады. Биыл финалға жолдама үшін Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров та күрескен еді, алайда екі кезеңнен кейін ол Гран-при финалына іріктелу мүмкіндігінен айырылды. Оған Қытайдағы кезеңдегі бесінші орын да әсер етті.
Самоделкина бұрын Ресей құрамасы атынан өнер көрсетіп, қазір Қазақстанның намысын қорғап жүр. Өткен маусымда ол Жапониядағы Гран-при кезеңінің күміс жүлдегері атанып, 2026 жылғы төрт құрлық чемпионатында тоғызыншы орын алған.



