Мазмұнға өту
2026 жылғы 16 қараша, дүйсенбі

Прагада жүздеген мың адам Бабиштің БАҚ реформасына қарсы шықты

Митинг «барқыт революциясының» жылдығына екі күн қалғанда, 1989 жылы оның қатысушылары жиналған алаңда өтті.

Сотни тысяч людей с флагами Чехии на митинге на Летенском поле в Праге
Фото: Al Jazeera

15 қарашада, жексенбі күні, Прагадағы Летна алаңында Чехия тарихындағы ең ірі митингілердің бірі өтті. «Демократия үшін миллион сәт» қозғалысының ұйымдастырушылары оған шамамен 350 мың адам қатысқанын хабарлады. Жиналғандар премьер-министр Андрей Бабиш үкіметінен қоғамдық теледидар мен радионы қаржыландыру туралы заң жобасын кері қайтарып алуды талап етті.

Қазір Чех теледидары мен Чех радиосы азаматтар, отбасылар мен компаниялар төлейтін міндетті алымдар есебінен жұмыс істейді. Үкімет бұл алымдарды жойып, қаржыны мемлекеттік бюджеттен бөлуді жоспарлап отыр, әрі ол қазіргіден шамамен 15%-ға аз болмақ. Сыншылардың пікірінше, осылайша билік редакцияларға қысым көрсететін тетікке ие болады, ал қысқарған бюджет қызметкерлерді жұмыстан шығаруға және бағдарламаларды жабуға әкелуі мүмкін. Заң жобасы парламенттің төменгі палатасында үш оқылымның біріншісінен өтіп те үлгерді: 24 қазанда коалиция оппозицияның сөз сөйлеу уақытын шектеді, ал дауыс беру таңғы сағат 04:36-да өтті.

Наразылық бірнеше аптадан бері жалғасып келеді. 25 қазанда мыңдаған адам заңның асығыс қабылдануына қарсы шықты, ал 3 қарашада қоғамдық БАҚ қызметкерлері ереуілге шықты. Оларды кәсіподақтар, университеттер, шіркеулер, өнер қайраткерлері мен спортшылар қолдады. Жоспарды Еуропалық хабар тарату одағы мен «Шекарасыз тілшілер» ұйымы сынға алды, ал 11 қарашада, сәрсенбі күні, бұл мәселе Еуропарламентте талқыланды. ЕО-ның әділет жөніндегі комиссары Майкл Макграт заң қоғамдық БАҚ-ты ашық, жеткілікті әрі болжамды түрде қаржыландыруға кепілдік беруі керек екенін еске салды.

«Бүгін біз ерекше құбылысқа куә болып отырмыз», — деді қозғалыс жетекшісі Микулаш Минарж AP агенттігіне. Ол бұл митинг «әлі бастамасы ғана» екенін айтты. Қатысушылар реформаны Словакиядағы Роберт Фицо мен Венгриядағы Виктор Орбанның саясатымен салыстырды. Олар сондай-ақ парламент спикері Томио Окамура мен қорғаныс министрі Яромир Зунаның отставкаға кетуін талап етті.

Бабиш райынан қайтар емес. «Қоғамдық БАҚ-ты «ұлттандыру» туралы айтатындардың бәрі әдейі өтірік айтып отыр», — деп жазды премьер. Ол сынды «истериялық шабуыл» деп атап, «Ешқандай жағдайда редакциялардың жұмысына араласпаймыз» деп уәде берді.

Митинг өтетін орын кездейсоқ таңдалмаған: 1989 жылы коммунистік билікке нүкте қойған «барқыт революциясының» қатысушылары дәл Летна алаңына жиналған, ал 17 қараша — сол революцияның жылдығы. Миллиардер Бабиш 2025 жылғы сайлаудан кейін билікке қайта оралды. Оның ANO қозғалысы «Еркіндік және тікелей демократия» және «Өздері үшін автомобилистер» партияларымен бірге елді басқарып отыр. 2026 жылғы сәуірде Бабиш Қазақстанға ресми сапармен келгенде, Қасым-Жомарт Тоқаев оны І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттаған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз