Мазмұнға өту
2026 жылғы 16 қараша, дүйсенбі

Зеленский: Берлиндегі «ниеттестер коалициясы» кездесуі тарихи болуы мүмкін

Германия канцлері Фридрих Мерц 19 қарашаға белгілеген Украина одақтастарының саммиті бейбіт келіссөздерде Еуропаның ортақ әрі берік ұстанымын айқындауы тиіс.

Президент Украины Владимир Зеленский
Фото: Офис президента Украины, CC BY 4.0

Украина президенті Владимир Зеленский Берлинде өтетін «ниеттестер коалициясының» кездесуі тарихи болуы мүмкін екенін мәлімдеді. «Ниеттестер коалициясы» – атысты тоқтатқаннан кейін Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беруге дайын, негізінен еуропалық 20-дан астам елдің бірлестігі. Зеленскийдің айтуынша, бұл кездесуде «келіссөздер үшін 100 пайыз берік еуропалық ұстанымды» айқындауға болады, ал қазіргі үшжақты формат – Украина, АҚШ, Ресей – жай ғана төртжақты болып қоймай, «әлдеқайда күшейуі» керек. Ол бұл туралы 15 қарашадағы кешкі үндеуінде айтты.

Сол күні кешке Еуропаның келіссөздердегі рөлі туралы Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен де пікір білдірді. Ол Финляндия президенті Александр Стуббпен сөйлескеннен кейін Еуропа бейбіт процеске «E5 + ЕО» форматында белсенді қатысатынын жазды. «Сонымен қатар біз Украинаға барынша қолдау көрсетіп, Ресейге барынша қысым жасаймыз», – деді ол. E5 құрамына Германия, Франция, Ұлыбритания, Италия және Польша кіреді. Еуропаның келіссөздерге осы форматта қатысуы туралы ЕО көшбасшылары 13 қарашада келісті.

Зеленский сондай-ақ Украина өзін қолдайтын барлық коалицияның жұмысын тексеретінін хабарлады. «Қайсысы өз міндетін шынымен атқарып жүр, ал қайсысы, шынын айтсақ, бос тұр. Оларды толықтырамыз», – деді президент. Жексенбі күні ол Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёремен және Стуббпен Берлиндегі кездесуге дайындықты талқылап, оларға FREYJA бағдарламасына қатысқаны үшін алғыс айтты. Бұл – баллистикалық зымырандардан қорғайтын жүйені еуропалық серіктестермен бірге жасау жобасы. Зеленскийдің сөзінше, жаппай әрі тиімді еуропалық зымыранға қарсы жүйе «бейбітшілікті жақындатуға қосқан ең маңызды ортақ үлесіміздің бірі» болуы мүмкін.

«Ниеттестер коалициясының» саммитін Германия канцлері Фридрих Мерц 19 қарашаға белгіледі. Берлин оны Франция және Ұлыбританиямен бірге ұйымдастырып отыр. Мерцтің айтуынша, одақтастар Украинаға әрі қарайғы әскери көмекті, ең алдымен әуе қорғанысын – F-16 жойғыш ұшақтарына арналған оқ-дәрі мен ұстап қалатын зымырандарды талқылайды, сондай-ақ атыс тоқтағаннан кейін Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беруге дайын екенін растайды.

Берлиндегі кездесу Си Цзиньпин, Дональд Трамп және Владимир Путиннің Қытайда өтетін кездесуімен бір күнге сәйкес келеді. Бұл кездесудің күнін Бейжің растады. Осы уақытта Ресей украин қалаларына қарсы лаңкестігін жалғастырып отыр: 15 қарашада Ресей әскері Запорожье және Днепропетровск облыстарының энергетика нысандарына соққы берді, ал Украина ЕО-мен бірге шұғыл қысқы пакет әзірлеп жатыр.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз