Мазмұнға өту
2026 жылғы 16 қараша, дүйсенбі

ЕО мен Украина Ресей соққыларынан кейін шұғыл қысқы пакет әзірлеп жатыр

Пакеттің негізгі тетіктерін Украина премьер-министрі Сергей Корецкий бүгін Брюссельде Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйенмен келіседі.

Отключения электроэнергии в Украине после российских ударов по энергетике
Фото: Укринформ

Украина мен Еуропалық одақ шұғыл қысқы көмек пакетін әзірлеп жатыр. Оған генераторлар, қуаттау станциялары, автобустар, сондай-ақ елді сол және оң жағалауға бөліп жатқан басты өзен – Днепр арқылы өтетін көпірлер мен өткелдерге көмек кіреді. Бұл туралы 15 қарашада кешке Украина премьер-министрі Сергей Корецкий хабарлады. Оның айтуынша, мұның бәрі Киевке, Днепрге, Запорожьеге, Харьковқа, Одессаға және басқа қалаларға қарсы ресейлік лаңкестікке төтеп беру үшін қажет.

Бұған Ресей әскерінің энергетика нысандарына жасаған кезекті соққысы себеп болды. Жексенбі күні Ресей Украинаның оңтүстік-шығысындағы Запорожье және Днепропетровск облыстарында электр желілері мен қосалқы станцияларға шабуыл жасады. Корецкийдің сөзінше, жүздеген мың адам жарықсыз қалды. Днепропетровск облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Александр Ганжаның хабарлауынша, Днепр және Каменское аудандарындағы елді мекендер ішінара жарықсыз қалды. Запорожьеде соққыдан кейін сумен және жылумен жабдықтауда іркілістер басталып, ауруханалар резервтік қуат көзіне көшті. Жергілікті билік кешке қарай Запорожье облысында электрмен жабдықтау қалпына келтірілгенін мәлімдеді.

«Жағдай өте күрделі, энергетиктер мұндай соққылардан кейін қуатты қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатыр. Бұл қолдауды серіктестерден жақын арада алу біз үшін аса маңызды», – деп жазды Корецкий. Пакеттің негізгі тетіктерін ол бүгін, 16 қарашада, Брюссельде Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйенмен талқылайды және көмектің алғашқы легі Украинаға мүмкіндігінше тез жетеді деп үміттенеді.

Соққылардың зардабын бүкіл ел сезініп отыр. Ұлттық энергетикалық компания «Укрэнерго» хабарлағандай, дүйсенбі күні Украинаның бірқатар облысында жарықты сағат сайын өшіру кестесі тәулік бойы қолданылады: бірден үш кезекке дейін. Шектеулер өнеркәсіпке де енгізілді. Компанияның мәліметінше, мұның себебі – энергия жүйесіне жасалған ресейлік шабуылдардың салдары.

Қыс алдында электр станцияларына, қосалқы станциялар мен электр желілеріне соққы беру – бейбіт тұрғындарға қарсы лаңкестік: Ресей қалаларды жарықтан, судан және жылудан айыратын нысандарды көздейді. 15 қарашада кешке Украина президенті Владимир Зеленский барлау деректеріне сүйеніп, Ресей жаңа соққыларға дайындалып жатыр деп ескертті. Оның айтуынша, қыркүйектің басынан бері ең көп соққы Днепропетровск және Киев облыстарына тиген. Еуропалық комиссияның мәліметінше, толық ауқымды басқыншылық басталғаннан бері Еуроодақ Азаматтық қорғау тетігі арқылы Украинаға 10 мыңға жуық генератор берген.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз