15 қарашада, жексенбі күні, Мексиканың Гвадалахара қаласында Гвадалахара картелінің негізін қалаған Мигель Анхель Феликс Гальярдо қайтыс болды. Оны «бастықтардың бастығы» және «Падрино» деп атаған. Ол 80 жаста еді. Бұл туралы Халиско штатының қауіпсіздік басқармасы хабарлады.
Басқарманың мәліметінше, Гальярдо жергілікті уақытпен сағат 14:00 шамасында (Астана уақытымен 16 қарашада сағат 01:00-де) бірнеше ағзасы істен шығып, көз жұмды. 13 қарашада оны Пуэнте-Гранде түрмесінен Country 2000 жеке клиникасына шұғыл жеткізген. Соңғы жылдары ол гипертония мен диабетпен ауырған, құлағы дерлік естімей, бір көзі көрмей қалған, өз бетінше жүре алмайтын.
Гальярдо 1989 жылғы сәуірден бері түрмеде отырды және қатарынан екі мерзімді — жалпы 77 жылды өтеп жатқан. Оған есірткі саудасы мен қару үшін 40 жыл, ал 1985 жылы АҚШ-тың Есірткімен күрес басқармасының (DEA) агенті Энрике «Кики» Камарена мен мексикалық ұшқыш Альфредо Саваланы өлтіргені үшін тағы 37 жыл кесілген. Камаренаның өліміне қатысы барын ол әрдайым жоққа шығарып келді. 2019 жылдан бері адвокаттары оның жасы мен ауруын алға тартып, үй қамағына ауыстыруды сұрады. 2022 жылы сот бұған рұқсат берді, бірақ Мексиканың Бас прокуратурасы шешімге шағым түсіріп, Гальярдо түрмеде қала берді.
Гальярдо 1946 жылы Синалоа штатында туған, жас кезінде федералдық сот полициясында қызмет еткен. Ол Рафаэль Каро Кинтеро және Эрнесто Фонсека Каррильомен бірге құрған Гвадалахара картелі 1980 жылдары Мексикадағы есірткі тасымалының басым бөлігін және АҚШ шекарасындағы бағыттарды бақылап отырды. Бұл картель қазіргі мексикалық картельдердің бастауы саналады: кейін Синалоа картелін басқарған Хоакин «Эль Чапо» Гусман да жолын Гальярдоның қасынан бастаған. «Бастықтардың бастығының» тарихы көпшілікке Netflix-тің «Нарко: Мексика» сериалы арқылы таныс, онда оның рөлін Диего Луна сомдаған.



