Мазмұнға өту

Португалия құрамасы Даниямен ойынға Роналдудың 7-нөмірімен шығады — DN

Басылымның мәліметінше, бұл шешімді федерация президенті Педру Проэнса, Жорже Жезуштың штабы және команда капитандары қабылдады, ал құрмет көрсету сәттерінің бәрі УЕФА-мен алдын ала келісілген.

Криштиану Роналду в футболке сборной Португалии

Португалия құрамасының барлық футболшысы Ұлттар лигасындағы Даниямен ойынға 7-нөмірлі жейдемен шығады. Осылайша команда жақында құрамадағы мансабын аяқтаған Криштиану Роналдуға құрмет көрсетеді. 2026 жылғы 14 қарашада, сенбі күні Брагада өтетін ойын 7-минутта тоқтатылады. Бұл туралы Diário de Notícias жазды.

Басылымның дерегінше, бұл шешім бейсенбі күні Португалия футбол федерациясының президенті Педру Проэнса, Жорже Жезуштың бапкерлер штабы және құрама капитандары — Бернарду Силва, Рубен Диаш пен Бруну Фернандеш бас қосқан жиында қабылданған. Ойынға жоспарланған құрмет көрсету сәттерінің бәрі УЕФА-мен алдын ала келісілген.

Федерация 7-нөмірді Роналдуға мәңгілікке бекіте алмайды: УЕФА мен ФИФА регламенттері ұлттық құрамаларға нөмірлерді айналымнан шығаруға ресми түрде тыйым салады. Сондықтан DN жазғандай, ойынға 7-нөмірлі бір жейде емес, 27 жейде шығады. Роналду құрамада алдымен 17-нөмірмен ойнап, кейін 7-нөмірді Луиш Фигудан мұраға алған. Қазанның басында ол Копенгагенде Даниямен өтетін сырт алаңдағы ойын алдында құрама жиынынан кетіп қалғанда, УЕФА ережесі бойынша 7-нөмірді басқа ойыншыға беруге тура келді — оны Рафаэл Леау алды.

«Әл-Наср» шабуылшысы, 41 жастағы Роналду 5 қарашада құрамадағы мансабын аяқтайтынын жариялады. Ол Португалия сапында 234 ойын өткізіп, 146 гол соқты — екі көрсеткіш те ерлер құрамалары арасындағы рекорд. Роналду құрамадағы алғашқы ойынын 2003 жылы Қазақстан құрамасымен жолдастық кездесуде өткізген. Күзде федерация оны жиыннан рұқсатсыз кеткені үшін 30 күнге дисквалификациялаған.

Португалия — Дания ойыны Астана уақытымен 15 қарашада сағат 00:45-те басталады. Португалдар Ұлттар лигасының ширек финалына жолдама алып қойған, ал Record дерегінше, топта бірінші орынды иелену үшін оларға бір ұпай жеткілікті.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз