Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров өзі адал емес деп атаған саясаткерлер елдің оңтүстігінде қырғыздар мен өзбектердің арасында қақтығыс тұтандыру жоспарын талқылап жүргенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мақсат — тәртіпсіздік тудырып, 2027 жылғы 27 қаңтарда өтетін президент сайлауын бұзу. Жапаров бұл туралы 12 қарашада Facebook парақшасында жазып, бірнеше дереккөзден алынған мәліметке сілтеме жасады.
Президенттің ескертуінше, әзірге мұндай жоспар тек талқылау деңгейінде, бірақ оны іске асыруға әрекет жасалуы мүмкін. Оның пікірінше, бұл үшін адамдардың ұлттық намысына тиетін жалған қауесет таратса жеткілікті. Жапаров саясаткерлердің аты-жөнін де, ақпарат көзін де атамады. Ықтимал арандатуды ол Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан темір жолының құрылысымен байланыстырды: оның сөзінше, жамандық тілейтін саясаткерлердің арасында осы жобаның аяқталуынан бәрінен бұрын қорқатындар бар.
Жапаров оңтүстікте 1990 және 2010 жылдары болған қақтығыстарды еске салды: сол кезде бейбіт қырғыздар мен өзбектер қаза тапқан. Ол кез келген ұлт өкілдерін арандатуға ермеуге шақырды. Аға буыннан сол оқиғаларды көрмеген жастарға олардың немен аяқталғанын айтып беруді өтінді, сонда жастар «арандатушылардың қолындағы қуыршаққа» айналмайды. Арандатушылық сөздер мен әрекеттер туралы президент ҰҚМК мен ІІМ-нің аумақтық бөлімшелеріне немесе жергілікті билік органдарына хабарлауды сұрады.
Жапаровтың айтуынша, мемлекет қақтығысты бір-екі күнде тоқтата алады, бірақ бұл жағдайда зардап шегетіндер болмай қоймайды. Ол ұйымдастырушыларға күштік құрылымдардың техникалық мүмкіндігі, оның ішінде он мыңдаған бейнебақылау камерасы бар екенін ескертті: «Әрекеттеріңіз байқалмай қалады деп ойламаңыздар!»
Бұл мәлімдеме кандидаттарды ұсыну науқаны қызған шақта жасалды. Жапаровтың өзі елді 2021 жылғы қаңтардан бері басқарып келеді, ол 10 қарашада өзін-өзі ұсыну туралы өтініш берді. Kaktus.media-ның хабарлауынша, үміткерлерден құжат қабылдау 12 қарашада түн ортасында аяқталады, бейсенбі түске дейін құжатты 10 адам тапсырған. Қазақстанда тұратын Қырғызстан азаматтары шетелдегі учаскелерде дауыс бере алады.



