«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры тобы штаттық режимде жұмыс істеп тұр, ал инвесторлар, кредиторлар, халықаралық қаржы институттары және іскер серіктестер алдындағы барлық міндеттемелер өз күшін сақтайды. Бұл туралы қор баспасөз қызметінің 12 қарашада жарияланған мәлімдемесінде айтылған.
Қордың мәліметінше, міндеттемелер қолданыстағы келісімдерге сәйкес орындалып жатыр, ал инвестициялық жобалар мен стратегиялық бағдарламалар бекітілген жоспар бойынша жүзеге асырылуда. «Самұрық-Қазына» қаржылық және институционалдық тұрақтылығын сақтап отырғанын, стратегиялық функцияларын атқаруды жалғастыратынын және қазақстандық әрі халықаралық серіктестермен ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа дайын екенін де мәлімдеді.
Тергеу кезінде қорды кім басқаратыны мәлімдемеде нақтыланбаған. Бұған дейін қор тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын растап, құқық қорғау органдарына сұралған мәліметтер мен материалдарды беріп отырғанын хабарлаған.
ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі 11 қарашада қор басқармасының төрағасы Нұрлан Жақыповты және «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжас Отыншиевті сыбайлас жемқорлық қылмысы жасады деген күдікпен ұстады. Комитет Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша іс қозғалғанын және оның мән-жайын сотқа дейінгі тергеу құпиясына сілтеп, жария етпей отыр. Сот шешіміне дейін ұсталғандар күдікті болып саналады.
Жақыпов қор басқармасын 2023 жылғы сәуірден бері басқарады. «Самұрық-Қазына» елдің мұнай-газ, көлік және энергетика салаларындағы ең ірі мемлекеттік компанияларын басқарады. Олардың қатарында жалғыз акционері қордың өзі болып табылатын ҚТЖ да бар.



