Мазмұнға өту

«Акван» циклоны Үндістанға жетті: жүздеген мың адам көшірілді

Одиша штатының билігі бейсенбінің өзінде қауіпті аудандардан 47 мыңнан астам адамды көшіріп, бірнеше округте мектептерді жапты.

Дети идут по берегу в Арьяпалли (Одиша, Индия) перед выходом циклона «Акван» на сушу
Фото: Reuters

«Акван» циклоны 2026 жылғы 20 қарашада, жұма күні Үндістанның шығыс жағалауына жетті. Бұл – елдегі бір айға жетпей соққан үшінші циклон, деп хабарлайды Reuters. Одиша мен Андхра-Прадеш штаттары осы аптада осал аудандардан жүздеген мың адамды көшірді.

Үндістан метеорология департаментінің (IMD) мәліметінше, «Акван» түнде әлсіреп, «циклондық дауыл» санатына түсті. Ол жағалауды сағатына 70–80 шақырым жылдамдықпен кесіп өтті, екпінді жел сағатына 90 шақырымға жетті. Жағалауда қатты жаңбыр жауып тұр: биік толқындар жағаны ұрып, жел ағаштарды теңселтіп жатыр, кей жолдарды су басқан. Синоптиктер дауыл алдағы үш сағатта терең депрессияға, одан кейінгі алты сағатта депрессияға дейін әлсірейді деп күтеді.

Әзірге қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. «Әзірге ешқандай қирау немесе оқыс оқиға тіркелген жоқ», – деді Reuters агенттігіне Одиша штатының көмек көрсету жөніндегі арнайы уәкілі Раджеш Прабхакар Патил. Андхра-Прадеште апаттарды басқару қызметінің шенеунігі Пракхар Джайнның айтуынша, салдары «минималды».

Дүлей апатқа алдын ала дайындалған. Одиша штатының бас министрі кеңсесі бейсенбінің өзінде қауіпті аудандардан 47 мыңнан астам адам көшірілгенін хабарлады. Бірқатар округте барлық мектеп пен балабақша жабылды.

Екі апта бұрын дәл осы жағалауға «Мурасу» қатты циклондық дауылы соққан еді: ол кезде мыңдаған адам көшіріліп, жел ағаштар мен электр желісінің тіректерін құлатқан. Қазан айының соңында «Арнаб» циклоны алты адамның өмірін қиып, бірнеше ауданды жарықсыз қалдырған. Үш циклонның бәрі Бенгал шығанағының үстінде пайда болды. Үкіметтің бас метеорологы Мритьюнджай Мохапатра Reuters агенттігіне қазіргі жағдай 1987 жылға ұқсайтынын айтты: ол кезде муссоннан кейін Бенгал шығанағында бірнеше циклон қатарынан соққан, бұл Эль-Ниньо жылдарына тән құбылыс.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз