Деми Мур Батыс Голливудта өткен Baby2Baby қайырымдылық ұйымының салтанатты кешінде сөз сөйлеп, неге мансап пен балалардың бірін таңдамағанын айтты. Актриса онда Giving Tree Award марапатын алды, оны Эндрю Гарфилд табыстады. Кештің өзі қор үшін рекордтық 20 млн доллардан астам, яғни шамамен 8,9 млрд теңге жинады, деп жазады LA Magazine.
«Baby2Baby отбасы мен қауымдастығына қабылданғаныма қатты тебірендім», – деп бастады Мур. Оның айтуынша, үш қыздың анасы, «енді әжесі» болу оған басқа ештеңе бере алмайтын нәрсені берген. Актрисаның сөзінше, балалары өсіп келе жатқан жылдары «мансап пен аналықтың бірін таңдау керек деп есептелетін». «Екеуіне де дайын жоспарым болмаса да, таңдау – жол емес екенін білдім. Екеуі де мен үшін аса маңызды еді», – деді ол.
Мур өзіне көптеген аналарға қарағанда оңайырақ болғанын мойындады. «Балаларымды немен тамақтандырып, не кигіземін деп уайымдамасам да, оларды өсіре жүріп, қолдаусыз мансап құра алмас едім», – деді ол. Актриса Baby2Baby көмегін ата-аналар үшін тыныс деп атады: «Бұл – балаларыңмен қорқыныш пен алаңдаушылықсыз уақыт өткізуге мүмкіндік беретін тыныс. Әр адам соған лайық».

Залда актрисаның қасында Брюс Уиллиспен некесінен туған үш қызы – Румер, Скаут және Таллула болды. Дрю Бэрримор мен Дженнифер Гарнер бейнеқұттықтау жазды. Pacific Design Center-дегі кешке 800-ден астам қонақ келді, олардың арасында Кэти Перри, Джастин Трюдо, Пэрис Хилтон, Софья Вергара, Орландо Блум және Эмма Уотсон бар. Қонақтар үшін күтпеген жерден рэпер Карди Би өнер көрсетті.
Кеш 14 қарашада, сенбіде, Астана уақытымен 15 қарашаның таңында өтті. Мурдың марапаты мен салтанаттағы бейнесі туралы airpress.kz бұрын жазған. Baby2Baby 2011 жылдан бері кедей отбасылардың балаларына жөргек, киім және басқа қажетті заттар таратады; былтырғы кеш 18 млн доллар жинаған. Деми Мур «Елес» және «Солдат Джейн» фильмдерімен танымал, ал 2025 жылы «Субстанция» үшін «Алтын глобус» алды.



