Мазмұнға өту
2026 жылғы 16 қараша, дүйсенбі

Тирзепатид («Мунджаро») жасөспірімдердің салмағын 17%-ға азайтты

Дәрі қабылдаған жасөспірімдердің жартысынан астамы сынақ соңында семіздік санатынан шықты, ал 9%-ы жанама әсерлерге байланысты емді тоқтатты.

Шприц-ручка «Мунджаро» KwikPen с тирзепатидом 5 мг
Фото: Raimond Spekking / Wikimedia Commons

«Мунджаро» мен «Зепбаунд» дәрілерінің әсер етуші заты тирзепатид семіздігі бар 12–17 жастағы жасөспірімдердің салмағын 72 аптада орта есеппен 17%-ға, яғни 18 кг-ға жуық азайтты. Дене салмағының индексі (ДСИ) 18,5%-ға төмендеді, ал плацебо алғандарда іс жүзінде өзгермеді. SURMOUNT-ADOLESCENTS сынағының нәтижелері 15 қарашада JAMA журналында жарияланып, Вашингтондағы ObesityWeek конгресінде таныстырылды.

Сынаққа АҚШ, Канада, Израиль, Италия, Польша және Чехиядан 160 жасөспірім қатысты. Олардың орташа жасы – 14,6, орташа салмағы – 110 кг-ға жуық, көпшілігінде асқынулар бар еді: жоғары холестерин, диабет алды жағдайы, қан қысымының көтерілуі. Қатысушылардың үштен екісіне аптасына бір рет тирзепатид егілді, қалғандары плацебо алды, барлығына тамақтану мен қимыл-қозғалысты реттеуге көмектесті. Жұмыстың жетекші авторы – Миннесота университетінің ғалымы Аарон Келли, сынақты дәрі өндіруші Eli Lilly компаниясы қаржыландырды.

Ем соңында дәрі қабылдаған жасөспірімдердің жартысынан астамы (53,5%) семіздік санатынан шықты, плацебо тобында бұл көрсеткіш 7% болды. Қатысушылардың жартысына жуығы ДСИ-ін бестен бір бөлікке және одан да көп төмендетті. Бел айналымы орта есеппен 16 сантиметрге жуық кішірейді, қан қысымы, холестерин мен қандағы қант деңгейі жақсарды, ал жасөспірімдердің өздері физикалық тұрғыдан жеңілдеп қалғанын айтты.

Негізгі жанама әсерлер асқазанға байланысты болды: тирзепатид алған жасөспірімдердің жартысында құсу мен жүрек айнуы, жартысына жуығында іш өту байқалды, көбінесе жеңіл немесе орташа түрде. Жанама әсерлерге байланысты дәрі қабылдағандардың 9%-ы емді тоқтатты, плацебо тобында ешкім тоқтатпады.

Сынақ егуді тоқтатқаннан кейін және ұзақ жылдар бойы емдегенде не болатынын көрсетпейді. АҚШ-та тирзепатидті семіздікке қарсы әзірге тек ересектерге қолдануға рұқсат етілген, ал 10 жастан асқан балаларға ол тек 2-типті қант диабеті кезінде тағайындалады. Ол елде семіздігі бар жасөспірімдер үшін семаглутид пен лираглутид бұрыннан мақұлданған.

Қазақстанда қыркүйекте тирзепатиді бар алғашқы дәрі – ресейлік «Тирзетта» тіркелді, қазан айының соңында ол нарыққа ресми түрде шықты. Денсаулық сақтау министрлігінің тамыздағы деректеріне сәйкес, «Мунджаро» жеделдетілген тіркеуден өтіп жатқан.

Кез келген дәріні қабылдамас бұрын дәрігермен кеңесіңіз.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз