Қазақстанда су тасқынының салдарын жоюға 3571 адам қатысты. Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына басқа өңірлерден қосымша күш пен техника жіберілді. Бұл туралы ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Су тасқынына қарсы жұмыстарды ІІМ бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар, полиция, Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері, тартылған ұйымдар және жергілікті тұрғындар жүргізді. Олардың қолында 1091 техника, 205 су сорғыш құрылғы және 31 жүзу құралы болды.
Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында ұзындығы 27 909 метр уақытша бөгет тұрғызылды. Алты облыста — Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында инертті материал салынған 83 099 қап толтырылып, төселді. Бір тәулікте 142 287 текше метр еріген су сорып шығарылды, ал су тасқыны басталғалы бері бұл көлем 539 755,6 текше метрге жетті.
Ақмола облысындағы Атбасар қаласында және Сандықтау ауданының үш ауылында Жабай өзенінде судың өтуіне жол ашу үшін жарылыс жұмыстары жүргізіліп, барлығы 152 заряд жарылды. 7 сәуірде сағат 09:05-те Атбасарда Жабай өзеніндегі судың көтерілу қаупіне байланысты сегіз тұрғын мүлкімен бірге эвакуацияланды. Онда топырақ үйіндіні биіктетіп, нығайту жұмыстары жалғасты.
Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарының 231 тұрғыны қауіпсіз жерде, туыстарының үйінде болды. Су тасқыны ахуалы шиеленіскеннен бері 17 адам құтқарылып, 572 адам эвакуацияланды. Су басқан аймақтардан 1392 бас ірі және ұсақ мал айдап шығарылды, оның 1243-і иелерінің ауласына қайтарылды.
Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында 116 үй су астында қалды, ондағы су деңгейі 10-20 сантиметр болды. Автожолдардың 163 учаскесін су басып, шайып кетті, оның 109-ы қалпына келтірілді.
«Радиоточка» материалдары бойынша.



