Қазақстан Сыртқы істер министрлігі 24 наурызда Францияның оңтүстігінде апатқа ұшыраған Germanwings ұшағының бортындағы үш қазақстандықтың қаза тапқанын растады. Олар — Ербол Базаралинович Иманкулов (1965 жылы туған), оның жұбайы Айжан Сарымовна Исенгалиева (1966 жылы туған) және ұлы Әділ Ерболович Иманкулов (1989 жылы туған).
Ербол Иманкулов «Тау-Кен Темiр» ЖШС-ның директоры болған және «Силициум Қазақстан» жобасына жетекшілік еткен. Айжан Исенгалиева «Казцинк-Айна» ЖШС-ның директоры қызметін атқарған.
Германия билігінің дерегінше, ұшақ бортында Қазақстан азаматы болуы мүмкін Елена Блес те болған. Бұл ақпарат нақтыланып жатыр.
Министрлік қаза тапқан қазақстандықтардың туыстарына барынша көмек көрсететінін мәлімдеді. Олар үшін жедел желі ашылды: Қазақстанның Берлиндегі консулдығы — +4915208833631, Барселонадағы консулдығы — +34674482333. Консулдармен байланыс болмаса, СІМ-нің кезекші дипломатына +77172720111 нөмірі бойынша хабарласуға болады.
«Тау-Кен Темiр» компаниясы металл кремний шығаратын «Силициум Қазақстан» зауытының жаңа басқарушысы болған. Бұған дейін, 2014 жылғы қаңтарда «Бәйтерек» холдингі Қарағанды облысының әкімімен кәсіпорынды сауықтыруға жәрдемдесу туралы меморандумға қол қойып, инвестициялық қор мен «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясының басшылары ынтымақтастық туралы келісім жасасқан. Бірінші кезеңде өндірісті қалпына келтіруге шамамен 1,5 млрд теңге салу жоспарланған.
«Радиоточка» материалдары бойынша.



