Қазақстандықтар енді электрондық үкімет қызметтерін смартфон арқылы ала алады: Android және iOS жүйелеріне арналған eGov.kz мобильді қосымшасы іске қосылды. Ол арқылы 50-ден астам электрондық қызмет пен сервис қолжетімді, деп хабарлады «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметі.
Қосымшаға электрондық үкімет порталының ең сұранысқа ие қызметтері жинақталған. «Жаңа қосымшада 50 қызмет қолжетімді», — деді ИДМ Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің электрондық қызметтерді бақылау басқармасының басшысы Даулет Бекманов. Оның айтуынша, қызметтерден бөлек, онда «мобильді жеке кабинет» бар, ал жыл соңына дейін тағы 20 қызметті мобильді форматқа көшіру жоспарланған.
Жеке кабинетте өзің туралы мәліметтерді көруге болады: тіркелген және тұратын мекенжай, заңды тұлғаларға қатысу, неке туралы деректер, жол жүрісі ережесін бұзғаны үшін айыппұлдар, мүлік пен көлік. Электрондық цифрлық қолтаңбасы барлар мекенжай анықтамасын, жер учаскесі туралы мәліметті, туу, неке және жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтамаларды ала алады.
Қосымша «Мобильді үкімет» жобасы аясында жасалған. «Қосымшаның көмегімен өзіңіз туралы барлық мәліметті тауып, керекті анықтамаға тапсырыс бересіз», — деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Руслан Енсебаев. Ол құжатты ауыстыру мерзімі жақындағанда қосымша PUSH немесе SMS хабарлама жіберетінін айтты.
Сонымен қатар eGov.kz арқылы тұрғын үй кезегіндегі нөміріңізді және техникалық байқаудан өту мерзімін білуге, лицензия мен чекті тексеруге, ХҚКО-ға кезек брондауға және дәріхана іздеуге болады. Қосымшада коммуналдық қызметтерге, салықтарға, айыппұлдарға, мемлекеттік бажға және байланыс қызметіне ақы төлеуге, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотты толтыруға мүмкіндік бар.
Мемлекеттік қызметтерді мобильді форматқа көшіру «Ақпараттық Қазақстан — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр.
«Радиоточка» материалдары бойынша.



