Мазмұнға өту

ҚМДБ әлеуметтік желіде тегін қажылық ұсынатын алаяқтардан сақтандырды

«Мухаммад Национальная группа» деген топ 60 жастан асқан аз қамтылған діндарларға Сауд Арабиясындағы нөмірге қоңырау шалса, Меккеге тегін апаруға уәде береді.

Қазақстандық әлеуметтік желілерде аз қамтылған діндарларға тегін қажылық ұсынатын хабарландырулар пайда болды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) мұны алаяқтық деп атап, мұндай ұсыныстарға жауап бермеуге кеңес берді.

Хабарландыруларды «Мухаммад Национальная группа» деген топ жариялап отыр. Меккеге тегін баруды 60 жастан асқан, сапарға қаражаты жоқ адамдарға ұсынады. Ол үшін Сауд Арабиясындағы телефон нөміріне қоңырау шалу керек. «Радиоточка» тілшілері бұл нөмірге жұмыс күні бойы хабарласып көрді, бірақ ешкім жауап бермеді.

ҚМДБ мұндай «демеушілер» туралы алғаш рет естіп отырғанын айтты. Қазақстандықтар қажылыққа ҚМДБ мен Сауд Арабиясы өкілдері арнайы келіссөзде белгілейтін квота бойынша барады.

«Түрлі адамдар кездеседі ғой, өкінішке қарай, олар дінді өз мақсатына пайдаланып жүр», — деді ҚМДБ өкілі Оңғар қажы Өмірбек. Оның айтуынша, биылғы қажылық туралы айтуға әлі ерте: квота әлі анықталған жоқ. Басқарма өкілдері жыл сайын Сауд Арабиясына барып, қажылар санын талқылайды. Егер онда, мысалы, 5 мың адам деп белгіленсе, одан артық жіберуге болмайды. «Бізде қажылықпен 20-ға жуық туристік фирма айналысады», — деді ол. Квотаны осы фирмалар бөліседі.

«Діндарлар мұндай хабарландыруларға сақтықпен қарағаны жөн», — деп қосты Оңғар қажы Өмірбек. ҚМДБ мұндай ұсыныстарға жауап бермеуге және ондай ұйымдарға ақша салмауға кеңес береді.

«Радиоточка» материалдары бойынша.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз