Қазақстанның әйелдер құрамасы УЕФА Ұлттар лигасы-2027 турнирінде C6 тобына түсті. Топта қазақстандық футболшылар Армения және Черногория құрамаларымен кездеседі. Топтық кезеңнің жеребесі Швейцарияның Нион қаласында тартылды.
Қазақстан турнирдің үшінші дивизионы – C лигасында ойнайды. Бұл лига алты топқа бөлінген, әр топта бірінші орын алған команда B лигасына көтеріледі.
Топтық кезең 2027 жылғы ақпанда басталады. Ойындардың нақты күні мен өтетін орны кейін жарияланады.
Жеребе алдында әйелдер құрамасы екінші себетке түскен еді. Алыс сапарларды ескерген УЕФА қазақстандық команданың Мальта, Андорра және Гибралтармен бір топқа түсуіне алдын ала шектеу қойған.



