Ла Лига президенті Хавьер Тебас 15 қарашада X желісіндегі парақшасында «Реал Мадридтің» сынына ұзақ жауап жариялады. Жазба «Кім кімге шабуыл жасап жүр?» деп аталады. Онда Тебас мадридтіктердің президенті Флорентино Перестің мәлімдемелерін, клуб директорлар кеңесінің шешімдерін және Real Madrid TV арнасының соңғы жылдардағы лигаға қарсы сюжеттерін бір жерге жинаған.
«Бұл – оның президентінің мәлімдемелері, директорлар кеңесінің шешімдері және клуб телеарнасы таратқан хабарлар. Бәрі ашық. Бәрін тексеруге болады», – деп жазды Тебас. Оның айтуынша, «Реалдың» тарихы мен маңызы «құрметке лайық; бірақ олар сыннан иммунитет бермейді және басқаларды үнсіз отыруға міндеттемейді». «Ла Лиганың мәні бар, өйткені жарыс бар және басқа да клубтар бар», – деді лига басшысы. Ол турнирдің беделін және барлық клубтың мүддесін қорғауды өзінің тікелей міндеті деп атады.
Тебас Перестің 2023 және 2024 жылғы жиналыстарда лиганың CVC инвестициялық қорымен келісімін «Реалдың» мүлкін тартып алу әрекеті деп атағанын, лига мен қорды сотқа беремін деп қорқытқанын еске салды. Лига басшысы бұл келісімді екі сот – бірінші инстанция мен апелляциялық сот заңды деп танығанын атап өтті. Сондай-ақ ол клуб директорлар кеңесінің 2025 жылғы 3 ақпандағы жүйені «құрылымдық тұрғыдан жемқор» деп атаған хатын және Перестің 2026 жылғы 12 мамырдағы баспасөз мәслихатын келтірді. Сол кезде «Реал» президенті клубтың жауы әрқашан Ла Лига болғанын, ал чемпиондық атақтардың бір бөлігін одан «ұрлап кеткенін» айтқан.
Жазбаға El Debate басылымында жарық көрген журналист Томас Гонсалес-Мартиннің мақаласы себеп болды. Автор Тебасты өз «асыра сілтеулерін» ақтауға тырысады деп айыптаған. Лига президенті бұған жауап ретінде шабуылды өзі емес, Ла Лиганы қорғаудың кез келген әрекетін өзіне қарсы агрессия деп қабылдайтын клубтың өзі жасап отыр деп мәлімдеді.
Тебас пен Перес арасындағы тартыс бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. 2026 жылғы қыркүйекте «Реал» лига басшысына қарсы қатаң ресми мәлімдеме жасады, ал Тебас клуб телеарнасының сюжеттеріне үнемі жауап беріп жүр. Алаңда мадридтіктер құрамалар ойындарына арналған үзіліс алдында ұпай саны жағынан чемпионат көшбасшысы «Барселонаға» теңесті.



