ПСЖ вингері Дезире Дуэ Ұлттар лигасында Түркияға қарсы ойынды өткізіп алуы мүмкін. Франция құрамасы түріктерді 15 қарашада, жексенбі күні, өз алаңында қабылдайды (ойын Астана уақытымен 16 қарашада сағат 00:45-те басталады), ал Дуэ Италиямен ойында алған шынтақ соққысынан әлі айыққан жоқ. Бұл туралы Foot Mercato хабарлайды.
Дуэ Франция Италиядан 1:3 есебімен жеңілген ойынның 69-минутында жарақат алды: жартылай қорғаушы Давиде Фраттезидің шынтағы оның жағына тиді. L’Équipe деректері бойынша, вингердің тісі орнынан жылжыған, ол тамақты қалыпты шайнай алмай, рационын өзгертуге мәжбүр. Алғашқы тексерістен кейінгі жаңалықтар көңіл көншітеді, бірақ оған әлі де толығырақ тексеруден өту керек. Жұма күні түсте Дуэ стоматологқа барып, кейін Бордодағы «Атлантик» стадионында өткен жалпы жаттығудың басына қатысты. Оның ойынға шығу-шықпауы туралы шешімді Зинедин Зидан мен медициналық штаб әлі қабылдаған жоқ.
Италиядан жеңіліс Зиданның құраманы басқарғаннан бергі алғашқы жеңілісі болды — бесінші ойында. Түркиямен ойын алдында француздар «Бавария» қорғаушысы Дайо Упамеканосыз қалды: ол жеке себептермен құрамадан кетті. Il Messaggero жазғандай, Фраттезидің өзі де бұлшықет жарақатына байланысты Италия құрамасынан кетіп, Бельгиямен ойынды өткізіп алады.



