Қазақстандық OCTAGON жекпе-жек лигасының президенті Нураддин Садыков Қазақстандағы алғашқы UFC турнирінің күні мен өтетін орны әлі анықталмағанын мәлімдеді. Ол әлеуметтік желіде тараған турнир 1 мамырда Алматыда өтеді деген хабарларға осылай жауап берді. Садыков мәлімдемесін 22 қарашада кешке Instagram парақшасында жариялады.
««Фактчекинг» деген терминді естімеген сарказмшыл пабликтердің «көшірмелеріне» сенбеңіздер! UFC өтетін күн мен орын әлі күнге дейін анықталған жоқ!» — деп жазды Садыков.
1 мамыр мен Алматы туралы алғаш «Вестник ММА» телеграм-арнасы хабарлап, кейін бұл жаңалықты пабликтер мен БАҚ іліп әкетті. Бұл ақпаратты UFC де, Туризм және спорт министрлігі де растаған жоқ. Министр Ербол Мырзабосынов бұған дейін UFC-мен келіссөздердің қорытындысын қараша соңында жариялауға уәде берген.
Қазақстандағы турнир тақырыбы бірнеше айдан бері талқыланып келеді. UFC президенті Дана Уайт Қазақстанда жақын арада турнир өткізуге уәде берген, ал Мекеев лайықты екі аренаны атады. Елдегі турнирде Дияр Нұрғожай, Қуат Хамитов және басқа да қазақстандық жекпе-жекшілер өнер көрсеткісі келетінін айтқан.



