«Қайрат» байқау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев Мадридте «Реал» президенті Флорентино Переспен кездесіп, одан KAIRAT 1 деп жазылған футболка сыйға алды. Боранбаев бұл кездесу туралы Instagram-да жазып, бірге түскен суретін жариялады.
Боранбаевтың айтуынша, Испанияға ол жұмыс бабымен — УЕФА-ның әлеуметтік және экологиялық тұрақтылық комитетінің екінші вице-төрағасы ретінде барған. Жеке кездесуді Перестің өзі ұйымдастырған: былтыр «Реал» Чемпиондар лигасының матчына Алматыға келгенде, клуб президенті командамен бірге ұша алмаған. «Былтыр «Реал Мадрид» бізге, Алматыға, толық құраммен келді. Президент Флорентино Перес ол кезде ұша алмады, сондықтан бұл жолы мені қонаққа шақырды», — деп жазды Боранбаев.
Келесі күні ол «Реал» — «Сельта» матчын тамашалады. Перес екеуі футбол туралы әңгімелескен, кейін сыйлық табыс етілген. Боранбаев оны әзілмен қабылдады: «Мұнда кім «бірінші нөмір» екенін білмеймін: мен бе, әлде «Қайрат» футбол клубы ма. Менің ойымша, екінші нұсқа. Бірақ футболканы өзіме қалдырамын». Міне, сол жазба:
Боранбаев Переспен кездесуді клубтың бір жылда жүріп өткен жолының нәтижесі деп атады. ««Қайрат» футбол клубы бір жылда Чемпиондар лигасының алғашқы топтық кезеңінен әлемдегі ең ұлы клубтардың бірінің президентінің жылы сөздеріне дейін жетті. Бұл академия мен біз құрып жатқан жүйенің нәтижесі. Біз енді ғана бастадық», — деп жазды ол.
2025/26 маусымында «Қайрат» тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығып, алматылықтардың қарсыластарының бірі Мадридтің «Реалы» болған еді. Боранбаевтың жазбасы 14 мыңға жуық лайк жинады. Аяқталған 2026 жылғы Қазақстан чемпионатында «Қайрат» «Ордабасыдан» үш ұпай кейін қалып, екінші орын алды.



