Алматының жеке секторында, Сайран көлінің жағалауына жақын Садовников көшесінен атыс қаруы мен оқ-дәрі табылды. Бұл туралы 22 қарашада кешке Алматы қаласы полиция департаменті хабарлады.
Оқиға орнына Әуезов аудандық полиция басқармасының тергеу-жедел тобы бірден барды. Қару мен оқ-дәрі белгіленген іс жүргізу тәртібімен алынып, сараптамаға жіберілді. Алдын ала деректер бойынша, қару газ қаруы санатына жатуы мүмкін, ал оның нақты түрін мамандар анықтайды.
Қазір жедел қызметкерлер табылған заттардың қайдан шыққанын және кімге тиесілі екенін анықтап жатыр. Сонымен қатар полиция бұл қарудың қылмыс жасау кезінде қолданылған-қолданылмағанын тексеруде. Қаруды Сайран маңындағы жеке секторға кім тастап кеткенін ведомство әзірге айтпай отыр.
Оқиға орнынан түсірілген кадрларды Алматы полициясы Instagram-да жариялады.



