22 қарашада, жексенбіде, Ормуз бұғазында тағы екі мұнай танкері өртенді. Иран әскери-теңіз күштерінің мәлімдеуінше, кемелер бұғаздың шығысындағы жабық аймақта теңіз минасына соғылған. Танкерлердің атауы мен келтірілген шығын әзірге белгісіз.
Иран әскерилерінің айтуынша, оқиға түске дейін болған: екі кеме де ескертулерге қарамастан тыйым салынған аймаққа кіріп, сәйкестендіру және навигация жүйелерін өшіріп жүзген. Иран ӘТК шектеулерді сақтамайтын кемелердің иелері, операторлары мен капитандары келтірілген залал үшін жауап беретінін ескертті.
Мина туралы нұсқаны тәуелсіз дереккөз растаған жоқ. Біріккен теңіз ақпараты орталығы (JMIC) британдық UKMTO агенттігі таратқан жексенбілік бюллетенінде 16 қарашадан бері бұғазда жеті танкер зардап шеккенін хабарлады. Олардың үшеуіне 20 және 21 қарашада Оманның Хасаб портынан 8–17 теңіз милі қашықтықта белгісіз снарядтар тиген. Орталықтың мәліметінше, Иранның мина туралы мәлімдемелері ресми түрде расталмаған. 19–21 қараша аралығында бұғаз арқылы дедвейті 1000 тоннадан асатын бірде-бір жүк кемесі өтпеген. UKMTO сондай-ақ Оман шығанағында танкер мен әскерилер қатысқан жаңа оқиға туралы хабарлады, оның егжей-тегжейі әлі белгісіз.
Сенбіде Иран жаңа зымыран техникасын көрсетті. Иран мемлекеттік телеарнасы IRIB-тің хабарлауынша, Ислам революциясы сақшылары корпусының (ИРСК) қолбасшысы генерал-майор Ахмад Вахиди жерасты зымыран кешенін аралады. Онда сұйық отынмен жұмыс істейтін екі зымыранды бір мезетте ұшыра алатын қондырғы, сондай-ақ жүздеген зымыраны бар бірнеше шақырымдық туннельдер көрсетілді. Al Jazeera бұл кадрлардың қашан түсірілгені белгісіз екенін атап өтті.

Иранның Press TV арнасының дерегінше, Ормуз бұғазы арқылы әдетте әлемдік мұнайдың шамамен бестен бірі тасымалданады. Бұғаздағы іркілістер мұнайдың әлемдік бағасына әсер етеді, ал Қазақстанның табысы осы бағаға тәуелді. Дағдарыс авиацияға да ықпал етті: Air Astana басшысының айтуынша, Батыс Азиядағы жағдайға байланысты биыл Алматы арқылы өтетін транзиттік жолаушылар ағыны 75%-ға өскен.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы 28 ақпанда басталды. АҚШ соққыларын қайта бастағаннан кейін Тегеран 12 шілдеде бұғазды қайтадан жапты, ал америкалық флот Иран порттарын теңіз блокадасында ұстап отыр. Сенбіде Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи АҚШ Тегеранның шарттарын қабылдаса, бұғазды ашу «қиын емес» екенін айтты. Бұған дейін Иран Бахрейндегі америкалық базаларға шабуыл жасаған, ал Дональд Трамп Иранмен «тұрақты» келісім жасайтынын мәлімдеген.



