Алматыда көшкін қаупі бар 200-ден астам учаске анықталды. Бұл туралы қаланың Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады. Мамандардың алдын ала бағалауынша, олардың 80%-ға жуығы адамдардың шаруашылық әрекетінен пайда болған. Негізгі себептер — үй салғанда беткейді кесу, жер телімдерін шамадан тыс суару, нөсер кәрізінің жоқтығы және су құбырларынан ағатын су.
Қазір әкімдік География және су қауіпсіздігі институтымен бірге қауіпті аумақтарды паспорттауды аяқтап жатыр. Жыл басынан бері қалада топырақтың шамадан тыс ылғалдануынан 15 техногендік жағдай тіркелді: алты опырылу, үш көшкін және алты топырақ жылжуы. Қаза тапқан да, зардап шеккен де жоқ.
Демалыс күндері құтқарушылар әкімдік пен «Қазселденқорғау» қызметкерлерімен бірге Бостандық, Медеу және Наурызбай аудандарындағы үйлерді аралады. Бір күнде көшкін қаупі бар 73 учаске тексеріліп, бұл жұмысқа ТЖД-ның 72 қызметкері тартылды. Рейдке Алматы қаласы ТЖД бастығы Дамир Ермағамбетов пен қала әкімдігінің Жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Айдос Нұрлыбаев қатысты. Тау бөктеріндегі тұрғындарға көшкіннің басталу белгілерін қалай тануға болатыны, қауіп төнгенде не істеу керегі және эвакуация қалай өтетіні түсіндірілді.
Рейд кезінде түсірілген бейнені ТЖМ Telegram-арнасында жариялады.
Жерде жарықтар пайда болса, беткей деформацияланса немесе басқа да қауіпті белгілер байқалса, ТЖД 112 нөміріне дереу хабарласуды сұрайды. Таулы жердегі үй иелеріне мына кеңестер беріледі:
- үй мен жол салғанда беткейді кеспеу және өз бетінше жер жұмыстарын жүргізбеу;
- тығыз жабылмайтын септиктер мен ағынды су шұңқырларын пайдаланбау;
- су құбырын, кәрізді және дренажды үнемі тексеріп отыру;
- телімде су жиналуына жол бермеу, жаңбыр мен еріген қар суын уақытында бұрып жіберу және беткейлердегі су бұрғыштарды бұзбау.
Соңғы үш жылда ең қауіпті 30 учаскедегі қатер жойылды: онда қорғаныс құрылыстары салынып, жер мемлекет мұқтажы үшін сатып алынды. Осының арқасында 1500-ден астам адам мен 300-ге жуық тұрғын үй қауіпсіз болды. Биыл тағы сегіз учаскеде жұмыс жүріп жатыр. Түсіндіру жұмысы 20 мыңнан астам қала тұрғынын қамтыды: оларға 3400-ге жуық жаднама таратылып, 2300-ден астам хабарлама берілді, ал Кіші және Үлкен Алматы, Қарғалы мен Ақсай шатқалдарында ақпараттық тақталар орнатылды. Тау бөктеріндегі аралау жұмыстары жалғасады.
Алматыдағы беткейлер қала билігін бұрыннан алаңдатып келеді. Медеу ауданы әкімдігінің қазан айының басындағы дерегіне қарағанда, тек сол ауданның өзінде көшкін қаупі бар 48 учаске есептелген: оның 18-інде жұмыс аяқталып, тағы 30-ы бақылауда қалған. Ал 23 қарашадан бастап тас құлау қаупіне байланысты шамамен бір айға Алма-Арасан жолы жабылады.



