Мазмұнға өту
2026 жылғы 22 қараша, жексенбі

Боксшы Сакен Бибосынов үш баласынан айырылғаннан кейін ұлды болды

Жазбасының соңында боксшы бала сүйгісі келетін барлық отбасыға ата-ана болу бақытын сезініп, шаңырағында сәби күлкісін естуді тіледі.

Казахстанский боксёр Сакен Бибосынов, у которого родился сын

Бокстан екі дүркін әлем чемпионы Сакен Бибосыновтың ұлы дүниеге келді. Спортшы қуанышты жаңалығымен әлеуметтік желіде бөлісіп, бұған дейін жұбайы екеуі үш баласынан айырылғанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Кейбір қуанышты сәттердің артында ешкім білмейтін көз жас, ұйқысыз түндер мен дұғалар жасырынып жатады екен… Бұл бақытқа жетпес бұрын бізге талай сынақтан өтуге тура келді. Біз үш баламыздан айырылдық… Олардың әрқайсысы туралы естелік жүрегімізде мәңгі қалады. Ата-ана үшін баласынан айырылғаннан ауыр қайғы жоқ шығар», – деп жазды боксшы.

Бибосыновтың айтуынша, ең қиын кезеңдерде де әйелі екеуі үмітін үзбеген. «Үнсіз жыладық, ауырсынуды ішімізде өткердік. Бірақ Жаратушыдан үмітімізді үзбедік. Дұға еттік, күттік және сендік. Сабыр сақтап, Алладан көмек сұрадық. Бүгін дұғаларымыздың бірі қабыл болғандай… Алланың қалауымен ұлымыз дүниеге келді!» – деп бөлісті ол.

«Бүгін қолымызда көтеріп отырған сәби – сонша көз жастан кейінгі қуанышымыз, сонша сынақтан кейінгі үмітіміз. Оның әрбір демі біз үшін – баға жетпес бақыт», – деп жазды Бибосынов жаңа туған ұлы туралы. Жазбасының соңында ол бала сүйгісі келетін барлық отбасыға ата-ана болу бақытын сезініп, шаңырағында сәби күлкісін естуді тіледі.

Боксшының отбасындағы қайғы туралы бұған дейін Қазақстан бокс құрамасының бас бапкері Қайрат Сатжанов айтқан болатын: Бибосынов үшінші баласынан айырылғанын Таиландтағы Азия чемпионаты кезінде білген, алдыңғы екі баласы дүниеге келмей жатып шетінеген. Спортшының өзі – Олимпиада ойындарының екі дүркін қола жүлдегері және екі дүркін әлем чемпионы.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз