Мазмұнға өту
2026 жылғы 23 қараша, дүйсенбі

Ресей «Меркурий» корветінен айырылды: ол Ливия портында батып кетті

Vantor спутниктік компаниясының деректерінше, Бенғазидегі айлақта су бетінде кеменің тек тұмсығы ғана қалған, ал Мәскеу шабуылға әзірге пікір білдірген жоқ.

Спутниковый снимок перевёрнутого российского корвета «Меркурий» в порту Бенгази
Фото: Vantor/AP

Ресейдің әскери кемесі — «Меркурий» корветі 22 қарашада таң ата болған жарылыстан кейін Ливияның Бенғази портында суға батып кетті. Шығыс Ливия билігі кемеге теңіз дрондары шабуыл жасады деп есептейді, деп хабарлайды BBC. Мәскеу болған оқиғаға әзірге пікір білдірген жоқ, шабуылды ешкім мойнына алмады.

Американың Vantor спутниктік компаниясының деректерінше, сенбіде корвет айлақта тұрған, ал жексенбіде кеменің бүкіл дерлік бөлігі су астында бүйірімен жатқан — су бетінде тек тұмсығы ғана қалған. Planet Labs түсірген суреттерде Астана уақытымен сағат 10:47-де порттағы кеменің жанып жатқаны көрінеді. «Меркурий» — 20380 жобасындағы «Стерегущий» класты кеме. Ол Бенғазиге Ресейге қайтар жолда жанармай мен азық-түлік алу үшін кірген.

Ливия шенеуніктері AP агенттігіне кемеге бірнеше теңіз дроны жіберілгенін айтты: кемінде төртеуі жойылып, екеуі нысанаға тиген. Шығыс Ливия үкіметі корветте қаза тапқандар жоқ екенін мәлімдеп, шабуылды ел егемендігін бұзу деп атады және кінәлілерге қарсы құқықтық әрі дипломатиялық шаралар қолданатынын айтты. «Ливия үкіметі ливиялық порттарды, аумақты немесе аумақтық суларды есеп айырысатын не халықаралық қақтығыстарды экспорттайтын алаңға айналдыруға жол бермейді», — делінген мәлімдемеде.

Бірнеше сағаттан кейін Бенғази жағалауында теңіз дроны тағы бір кемеге — Ascalon жүк кемесіне шабуыл жасады. The Guardian мәліметінше, бұл кеме Ресеймен байланысты және әскери жүк тасыған. Ливия Денсаулық сақтау министрлігі экипаж мүшелерінің жеңіл жарақат алғанын, олардың жағдайы тұрақты екенін хабарлады.

БҰҰ-ның Ливиядағы қолдау миссиясы шабуылдарға қатты алаңдаушылық білдіріп, жедел, тәуелсіз әрі ашық тергеу жүргізуге шақырды. Миссияның X желісіндегі жазбасы:

https://x.com/UNSMILibya/status/2124647921098310113

Соққының артында кім тұрғаны ресми түрде расталған жоқ. Британияның Корольдік қорғаныс зерттеулері институтының (RUSI) Ливия жөніндегі сарапшысы Жалель Харшауи BBC-ге: «Украина — мұндай іске бара алатын жалғыз батыл қатысушы», — деді. Киев шабуылға пікір білдірмеді.

Бенғазиді Ресеймен ынтымақтасатын Халифа Хафтардың Ливия ұлттық армиясы бақылайды. Мәскеу бұл портты Африкадағы өз күштерін қамтамасыз ету үшін пайдаланады. Бұл Украинадан алыста ресейлік кемелерге жасалған алғашқы соққы емес: наурызда Ресей Киевті Жерорта теңізіндегі Arctic Metagaz газ тасымалдаушысына шабуыл жасады деп айыптаған, ал 21 қарашада дрондар Фин шығанағында Sparta II кемесін өртеді. Бенғазиден Мәскеуге дейін 2000 шақырымнан асады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз