Индонезия полициясы Ява аралының батысындағы Серанг округінің Чикандэ ауданында өртенген PT Fonusa Agung Mulia кәмпит фабрикасынан 24 қап мәйіт қалдығын шығарды. Бұл туралы Al Jazeera Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлады. Қанша адам қаза тапқаны әзірге белгісіз: полиция бір қапта бірнеше адамның қалдығы болуы мүмкін екенін ескертті. Бантен провинциясы полициясының басшысы Хендра Курниаван Metro TV телеарнасына хабарсыз кеткендерді іздеу 23 қарашада, дүйсенбі күні таңертең қайта басталатынын айтты. Түнде іздеу жұмысы тоқтатылған.
Бас компания PT United Family Food-тың бас директоры Стивен Эрвин Виджая журналистерге сенбідегі ауысымда фабрикада 300-ге жуық адам жұмыс істегенін, оның 65-і өрт шыққан бөлікте болғанын айтты. Кейін фабрика олардың жағдайын нақтылады:
- 24 жұмысшы үйіне оралды;
- төрт адам медициналық көмек алып жатыр;
- 29 адам хабар-ошарсыз кетті;
- тағы сегіз адамның қайда екені әлі расталған жоқ.
Полицияның құрбандарды анықтау қызметінің өкілі Вахью Хидаяти Дви Палупи өрт қатты болғандықтан қаза тапқандарды сыртқы белгілері бойынша тану мүмкін емес екенін мәлімдеді. Тергеушілер туыстарынан ДНҚ үлгілерін, сондай-ақ хабарсыз кеткен жұмысшылардың жеке заттарын жинайды. Бұл екі-үш аптаға созылуы мүмкін.
Өрт 21 қарашада, сенбі күні түстен кейін басталды. Өрт сөндірушілер негізгі жалынды шамамен 14 сағаттан кейін сөндірді, бірақ жексенбіде де жеке ошақтармен күресті, ал үш қабатты ғимараттың бір бөлігі құлауы мүмкін. Өрттің себебі анықталып жатыр. Euronews келтірген аман қалған жұмысшылардың сөзінше, от үшінші қабаттағы салқындату қондырғысында шыққан.
Milkita сүтті кәмпиттерін шығаратын фабрика Джакартадан батысқа қарай шамамен 50 км жердегі өнеркәсіп аймағында орналасқан. Өрттен кейінгі алғашқы тәулікте билік үш адам қаза тауып, 39 адам ізделіп жатқанын хабарлаған еді. Индонезияда мұндай қаралы өрттер бұрын да болған: өткен жылдың желтоқсанында Джакартадағы кеңсе ғимаратындағы өртте кемінде 22 адам қаза тапты, ал 2023 жылы никель өңдейтін зауыттағы жарылыс 13 адамның өмірін қиды.



