Мазмұнға өту
2026 жылғы 12 қараша, бейсенбі

Асаубаева Total Chess турнирінде Эригайсиді ұтты

Үш турдан кейін қазақстандық шахматшының 5 ұпайы бар, ол өз тобында Ханс Ниманмен бірге екінші орынды бөлісіп отыр.

Бибисара Асаубаева за шахматной доской
Фото: соцсети Бибисары Асаубаевой

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Будапешттегі Total Chess World Championship Tour турнирінде үнділік гроссмейстер Арджун Эригайсиді жеңді. Топтық кезеңнің үшінші турындағы партия 12 қарашада өтті: Асаубаева қара тастармен ойнады, қарсыласы 46-жүрісте жеңілісін мойындады. Sports.kz есебінше, бұл – қазақстандық шахматшының мансабындағы рейтингі ең жоғары қарсыласын жеңген партиясы: Эригайсидің рейтингі – 2746, ол ФИДЕ тізімінде әлемде 12-орында тұр. Бұған дейін оның ең үздік нәтижесі рейтингі 2691 болатын Санан Сюгировты ұтуы еді.

Ұйымдастырушылардың дерегінше, үш турдан кейін Асаубаеваның 5 ұпайы бар – бір жеңіс пен екі тең ойын. D тобында ол америкалық Ханс Ниманмен бірге екінші орынды бөлісіп отыр, топ көшін 7 ұпаймен француз Максим Вашье-Лаграв бастап тұр. Топта сондай-ақ Эригайси, Уэсли Со және үнділік Вайшали Рамешбабу ойнайды. Топтық кезеңде жеңіс үшін 3 ұпай, тең ойын үшін 1 ұпай беріледі, партиялар «жылдам классика» уақыт бақылауымен – 45 минут және әр жүріске 30 секунд қосылып ойналады.

Будапешттегі турнир – Norway Chess ФИДЕ-нің мақұлдауымен өткізіп отырған Total Chess World Championship Tour атты жаңа сериясының сынақ кезеңі. Оған 24 шахматшы қатысады, олардың арасында Магнус Карлсен, Фабиано Каруана және Ян Непомнящий бар. Топтық кезең 15 қарашаға дейін жалғасады, одан кейін 17–20 қарашада плей-офф өтеді: топтағы орын қатысушылардың қай торда ойнайтынын анықтайды, ал басты атақ үшін тек топ жеңімпаздары күреседі. Толыққанды тур 2027 жылы басталады.

Асаубаева турнирді сәтсіз бастады: 10 қарашадағы алдын ала блиц жарыста ол қатарынан сегіз партияда жеңіліп, жарты ұпаймен соңғы, 24-орынға тұрақтады. Топтық кезеңнің бірінші турында қазақстандық шахматшы АҚШ-тың үш дүркін чемпионы Уэсли Сомен екі рет тең түсті.

Тараздық 22 жастағы шахматшы 2025 жылы гроссмейстер атағын алған, ол әйелдер арасында блицтен үш дүркін әлем чемпионы – 2021, 2022 және 2025 жылдары. Биыл көктемде Асаубаева ФИДЕ-нің үміткерлер турнирінде екінші орын алды, ал қыркүйекте Global Chess League жарысына қатысты.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз