Қазақстандықтардың жартысына жуығы — 44,7%-ы — азаматтардың елдегі саясатқа ықпал етудің нақты тетіктері бар екеніне сенбейді. Бұл — тәуелсіз Demoscope бюросының деректері. «Қазақстан азаматтарының саяси қатысуын бағалау» атты сауалнама 5–27 қазан аралығында жүргізілген.
Сауалнамаға қатысқандардың 28,4%-ы бұған толық сенімді, тағы 16,3%-ы бұл пікірге келісуге бейім. Азаматтық қатысудың мүмкін екеніне 48,2%-ы сенеді. Саясатқа қызығушылық та бар: қоғамдық-саяси оқиғаларды 52,4%-ы қадағалайды, 44,3%-ы қадағаламайды.
Алайда іс жүзінде белсенділік төмен. Соңғы бір жылда респонденттердің 44,7%-ы сайлауда не референдумда дауыс берген, 9,6%-ы мемлекеттік органдарға, оның ішінде eOtinish арқылы жүгінген, 2,8%-ы ePetition порталындағы петицияларға қол қойған, 2,2%-ы БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы үн қатқан. Жартысына жуығы — 48,7%-ы — ешқандай іске қатыспаған. Орталық сайлау комиссиясының деректерінше, Құрылтай сайлауына сайлаушылардың 74,08%-ы қатысқан, бірақ сауалнама авторлары бұл сандарды тікелей салыстыруға болмайтынын ескертеді.
Мемлекеттің шешімі өз мүддесіне нұқсан келтірсе, сауалнамаға қатысқандардың 40,5%-ы бір әрекет жасауға дайын, 54,5%-ы дайын емес. Жастар әрекет етуге көбірек бейім: 18–29 жастағылардың 54,2%-ы, 30–39 жастағылардың 47,6%-ы дайын, ал 60 жастан асқандар арасында бұл көрсеткіш небәрі 21,5%. Әрекетсіздіктің басты себебі — бұдан ештеңе өзгермейді деген сенім (32,8%). Тағы 25,8%-ы мұны қызық көрмейді, 22,3%-ының уақыты жетпейді, 12,3%-ы салдарынан қорқады.
Қазақстандықтар Президентке бәрінен көп сенеді:
- Қасым-Жомарт Тоқаев — 62,5%-ы сенеді, 18,2%-ы сенбейді;
- Үкімет — 50,2% және 29,5%;
- әкімдіктер — 50% және 32%;
- құқық қорғау органдары — 49,4% және 32,5%;
- армия — 46,2% және 36,3%;
- соттар — 46,1% және 30,9%;
- Құрылтай — 39% және 33,5%.
Demoscope бюросының ақпандағы сауалнамасымен салыстырғанда сенім деңгейі іс жүзінде өзгермеген. Бюроның сәуірдегі сауалнамасында Президентке респонденттердің 61,3%-ы сенген.
Сауалнама телефон арқылы барлық 17 облыстың, Астананың, Алматының және Шымкенттің 1,1 мың ересек тұрғыны арасында жүргізілді. Demoscope мамандарының пікірінше, нәтижелер «қоғамдық скептицизмнің едәуір жоғары деңгейін» көрсетеді. Бір палаталы Құрылтай — елдің жаңа парламенті, ол 2026 жылғы 23 тамызда сайланды.



