Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті «Bal halal» ЖШС директорына қатысты тергеуді аяқтады. Ол «Ғылым қоры» АҚ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға, яғни инновациялық макарон шығаруға бөлген 945 млн теңгені жымқырды деп айыпталып отыр. Айыпталушы қамауда.
Компания 2023–2024 жылдары қордан төрт жобаға шамамен 1,15 млрд теңге алған: өсімдік шикізатынан макарон өнімдерін және микронутриенттермен байытылған ұн өндіру көзделген. Қаражат жабдыққа, үй-жайды дайындауға, шикізатқа, жинақтаушы бұйымдарға, монтаж бен жөндеуге жұмсалуға тиіс еді.
ҚМА-ның хабарлауынша, тергеу эксперименттері сатып алынған жабдықтың жобаларда көзделген өнімді шығаруға мүмкіндік бермейтінін көрсетті. Ақша аффилиирленген тұлғаларға тіркелген «SMART 15» ЖШС арқылы шығарылған: жабдық пен қызметтер үшін төлем ретінде оның шотына 736,4 млн теңге аударылған. Схемаға «Фабрика рекламы Шымкент» ЖШС, «Jana tan» ЖШС және «Sisters Brand KZ» ЖК де қатысқан. Ақша қолма-қол шешілгеннен кейін 88,5 млн теңге жобаларды бірлесіп қаржыландыруға арналған өз қаражаты ретінде «Bal halal» шотына қолма-қол салынған.
Ведомствоның айтуынша, жобаларды бақылау тек қағаз жүзінде болған. Мониторинг актілері нысандарға бармай-ақ жасалған: оларды компанияның өз қызметкерлері дайындап, мониторинг топтарының мүшелері тек қол қойып отырған.
ҚМА іс бойынша хабарлама мен бейнежазбаны өзінің Telegram-арнасында жариялады:
Соттың санкциясымен айыпталушының 830 млн теңгелік мүлкіне тыйым салынды: бес жер телімі, төрт көлік, Астанадағы пәтер, коммерциялық үй-жай және зергерлік бұйымдар. ҚМА өзге мәліметтерді ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етпейді. Ведомство мұндай схемалар туралы 1458 нөмірі бойынша байланыс орталығына хабарлауды сұрайды.
Бір күн бұрын Жоғары аудиторлық палата ғылымға жұмсалған шығыстардан 51 млрд теңгенің бұзушылығын анықтаған. Аудиторлардың дерегінше, аяқталған 141 жобаның тек 38-і ғана үш жыл қатарынан өнімін тұрақты сатып келеді, ал 22 млрд теңгелік тағы 103 жоба жоспарлы өндіріс пен сатылымға шыға алмаған.



