Мазмұнға өту
2026 жылғы 12 қараша, бейсенбі

2027 жылдан атаулы әлеуметтік көмек жаңа қағидамен тағайындалады

Құжаттарда қате табылса, өтініш цифрлық кезекке қойылып, оны түзетуге бес жұмыс күні беріледі, ал өтініш берілген алғашқы күн сақталады.

Социальные выплаты и пособия в Казахстане
Фото: Серикжан Ковланбаев / Kursiv

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) жаңа қағидалар бойынша тағайындалады. Оларды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылғы 3 қарашадағы №437 бұйрықпен бекітті. Құжат өтініш беру тәртібін, оны қарау мерзімін және төлемді тоқтатуға негіз болатын жағдайларды өзгертеді.

Өтінішті мемлекеттік орган, электрондық үкімет порталы арқылы немесе ұялы телефоннан беруге болады. Өтініш беруші мен отбасының барлық мүшесі дербес деректерін, оның ішінде банк құпиясын құрайтын мәліметтер мен кредиттік бюро деректерін өңдеуге келісім беруге тиіс. АӘК өтінішсіз, проактивті түрде де тағайындалуы мүмкін. Ол үшін отбасы өзінің материалдық жағдайын учаскелік комиссияның тексеруіне келісім беруі керек.

Құжаттарда қате болса немесе олар толық болмаса, өтініш цифрлық күту парағына түседі. Қатені түзетуге бес жұмыс күні беріледі, ал жүгінген күн ретінде өтініш алғаш берілген күн есептеледі. Одан кейін мансап орталығы үш жұмыс күні ішінде көмек түрін анықтап, отбасының табысын есептейді және шешімнің электрондық жобасын дайындайды. Көмек ағымдағы тоқсанға тағайындалып, ай сайын төленеді.

Бұрынғыдай, АӘК шартсыз және шартты болып бөлінеді. Шартсыз көмекті денсаулығына немесе басқа да объективті себептерге байланысты жұмыс істей алмайтын аз қамтылған азаматтар алады. Сондай-ақ ол еңбекке қабілетті мүшесі жоқ отбасыларға және жалғыз еңбекке қабілетті мүшесі баласына не туысына күтім жасап отырған отбасыларға беріледі. Шартты көмек алушы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысқан жағдайда төленеді. Отбасының жұмыссыз әрі еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс іздеуші ретінде тіркеледі, олармен жеке жоспар құрылып, әлеуметтік келісімшарт жасалады. Келісімшарт талаптары бұзылса, жалған мәлімет берілсе немесе алушы басқа өңірге не шетелге тұрақты тұруға көшсе, төлем тоқтатылады.

АӘК мөлшері бұрынғыдай кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысының айырмасына тең. Кедейлік шегі өңірлер, Астана және республикалық маңызы бар қалалар үшін бөлек есептеледі. Қазан айында Үкімет сегіз өлшемшартты бекіткен еді: олар бойынша учаскелік комиссия отбасының табысы кедейлік шегінен төмен болса да көмек беруден бас тарта алады. Мысалы, отбасында бірден артық баспана, 200 АЕК-тен асатын салым немесе ірі несие болса, көмек берілмейді. Жаңа қағидалар жәрдемақылардың бір бөлігін атаулы модельге көшірумен қатар енгізіледі.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз