Павлодарда мүгедектігі бар екі және одан көп баланы тәрбиелеп отырған отбасылар қайта аударылған 108 125 теңге төлемді қайтармайды. Қала әкімдігі мессенджерлерде тараған хабарламаға осылай жауап берді: онда ата-аналардан ақшаны шұғыл қайтаруды сұраған. Хабарламаның өзін әкімдік фейк деп атады, алайда төлемді есептеуде ақау болғанын мойындады.
Биылғы сәуірден бастап бұл төлем әр балаға емес, отбасына беріледі. Алайда алушылар тізімін жасайтын ақпараттық жүйе техникалық ақаудың салдарынан ақшаны бұрынғы ережемен есептей берген. Әкімдіктің айтуынша, ақау жергілікті сипатта болған, артық шығын жоқ, барлық отбасы төлемді бекітілген бюджет шегінде алған.
Дабыл қаққан – ерекше қажеттілігі бар баланың анасы. Ол қазан айында 25 АЕК көлеміндегі жыл сайынғы біржолғы төлемді алған, ал қарашада оның шотына тағы 108 125 теңге түскен. Ана әлеуметтік қорғау бөліміне хабарласқан, онда қатенің орын алғанын растаған. Содан кейін ол чаттағы басқа аналардан сұрастырған. Оның сөзінше, қайталама төлемді 83 отбасы алған. Ол жазбаны ешкім артық ақшаны жұмсап қоймасын деп жариялаған, бірақ пост әлеуметтік желіде тез тарап кеткен. Таралған хабарламада бір қызметкердің аты-жөні мен ақшаны қалай қайтаруды түсіндіреді делінген телефон нөмірі көрсетілген.
Хабарламаны таратқаны үшін ешкім жазаланбайды, бірақ бір қызметкерге жауап беруге тура келеді. «Бөлімнің бухгалтерлік деректемелерін бергені үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы тәртіптік жауапкершілікке тартылады», – деп хабарлады әкімдік.
Павлодар облысында Республика күніне орай біржолғы көмек облыс әкімдігінің қаулысымен төленеді, өтініш жазудың қажеті жоқ: тізім мемлекеттік жүйелердегі деректер бойынша жасалады. 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар 25 АЕК, яғни 108 125 теңге алады. Мұндай бала қанша болса да, төлем отбасына бір рет беріледі. I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға 5 АЕК – 21 625 теңге тиесілі.



