Ирак армиясы мен полициясы 2026 жылғы 20 қарашада, жұма күні Бағдаттың оңтүстігіндегі Бабил провинциясында орналасқан Джурф-эс-Сахрға кірді. Бұл — Иранды қолдайтын «Катаиб Хезболла» тобының тірек пункті. Танктер мен бронетехника тараптар алдыңғы күні кешке жасасқан ымыралы келісім бойынша позицияларға орналасты. «Күштерді орналастыру және жауапкершілік аймақтарын беру бүгіннен басталады», — деді Ирак үкіметінің ресми өкілі Сабах ән-Нуман.
Келісім бойынша «Катаиб Хезболла» жауынгерлері елдің басқа аудандарына кетеді. Қаланы армия, федералдық полиция, энергетикалық полиция және «Халықтық жұмылдыру күштерінің» бригадалары бақылауға алады. Бұл — ресми түрде Ирактың күш құрылымдарына кіретін шиит жасақтарының бірлестігі. Al Jazeera дерегінше, бұл бригадаларда «Катаиб Хезболланың» өз жауынгерлері де қызмет етеді. Барлық бөлімшеге ортақ штаб құрылды: ол қауіпсіздікке, мұнай инфрақұрылымын қорғауға және жолдарды ашуға жауап береді. Reuters хабарлауынша, энергетикалық полиция Джурф-эс-Сахрдағы мұнай құбырын күзетке алып үлгерді.
Осы аптада Ирак премьер-министрі Әли әз-Заиди күш құрылымдарына топқа қарсы әрекет етуді бұйырды. Билік оны Джурф-эс-Сахр арқылы жүздеген миллион долларлық мемлекеттік мұнайды контрабандамен тасымалдады деп айыптайды. Reuters жазуынша, тергеу нәтижесінде күш құрылымдары мен мұнай саласының тоғыз жоғары лауазымды қызметкері жұмыстан босатылды.
Бұған дейін топ үкімет әскеріне тойтарыс береміз деп қорқытып, қаруын тапсырудан бас тартқан. Алайда бейсенбі күні «Катаиб Хезболла» баспасөз мәслихатында «Халықтық жұмылдыру күштері» мен Ирак күш құрылымдарына өз сөзінше «жауларға» тиімді шиеленістің алдын алғаны үшін алғыс айтты. Al Jazeera сілтеме жасаған ирак шенеунігінің айтуынша, апта басында бейбіт шешімге қол жеткізу үшін Иранның «Кудс» күштерінің қолбасшысы Исмаил Каани Иракқа келген.
Джурф-эс-Сахр тұрғындарының басым бөлігі — сунниттер. 2014 жылы бұл ауданды ИГИЛ-ден (Қазақстанда террористік деп танылып, тыйым салынған ұйым) Ирак армиясы мен «Катаиб Хезболла» жауынгерлері азат етті. Содан бері он жылдан астам уақыт аудан билікке жабық болды, бұрынғы тұрғындардың көбіне үйіне оралуға рұқсат берілмей келеді. «Катаиб Хезболла» — Ирактағы Иранды қолдайтын ең ықпалды топтардың бірі, оның «Хукук» атты партиясының парламентте бес депутаты бар. 2023 жылы Газада соғыс басталғаннан бері Ирактағы Иранды қолдайтын топтар америкалық әскерилерге 150-ден астам шабуыл жасағанын мәлімдеді. Ирак АҚШ-тың да, Иранның да одақтасы болып қала береді, ал операция АҚШ пен Израильдің Иранмен соғысы аясында өтіп жатыр. Ел — ірі мұнай өндірушілердің бірі әрі Қазақстан сияқты ОПЕК+ келісімінің қатысушысы.



