Мазмұнға өту

Алматыда биыл қыста 19 мұз айдыны ашылады, оның 12-сі тегін

Тегін алаңдар демалыссыз сағат 10:00-ден 23:00-ге дейін екі жарым сағаттан төрт сеанспен жұмыс істейді.

Рабочие готовят открытый каток в Алматы к зимнему сезону
Фото: пресс-служба акимата Алматы

Алматыда 2026–2027 жылдардағы қысқы маусымда ашық аспан астында 19 мұз айдыны ашылады. Олар қаланың сегіз ауданының бәрінде болады, оның 12-сі тегін, деп хабарлады Алматы қаласының Спорт басқармасы. Мұз айдындарын желтоқсанда ашу жоспарланған, нақты күні ауа райына қарай белгіленеді.

Мұз айдындары саябақтарда, ірі спорт ареналарының, сауда орталықтарының маңында және тұрғын шағынаудандарда орналасады, олардың жалпы аумағы 20 мың шаршы метрден асады. Биылғы маусымда бес тегін мұз айдыны алғаш рет ашылады: Flow Park аумағында, Алматы ипподромында, Шұғыла шағынауданындағы № 221 мектепте, Сәкен Сейфуллин атындағы саябақта және «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешенінің жанында.

Мұз айдындары қай жерде болады:

  • Алатау ауданы — «Алматы Арена»;
  • Алмалы ауданы — ҚБТУ аумағы;
  • Әуезов ауданы — Family Park;
  • Бостандық ауданы — Ганди көшесіндегі Тұңғыш Президент қорының саябағы, Flow Park, «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешені, Esentai Mall, Villa Boutiques & Restaurants және MEGA Alma-Ata;
  • Жетісу ауданы — Алматы ипподромы және Көкжиек шағынауданындағы Kokjiek Garden;
  • Медеу ауданы — «Терренкур» саябағы, «Халық Арена», 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябақ, Dostyk Plaza, Haragun атшабар клубы және Орталық мәдениет және демалыс саябағы;
  • Наурызбай ауданы — Шұғыла шағынауданындағы № 221 мектеп;
  • Түрксіб ауданы — Сәкен Сейфуллин атындағы саябақ.
Алматыдағы мұз айдынында мұз дайындау
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Тегін мұз айдындары күн сайын, демалыс және мереке күндерін қоса алғанда, сағат 10:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Әр алаңда екі жарым сағаттан төрт сеанс өтеді:

  • 10:00–12:30;
  • 13:30–16:00;
  • 17:00–19:30;
  • 20:30–23:00.

Сеанстар арасындағы үзілісте мұз келесі сеансқа дайындалады. Тегін алаңдарға өз конькиіңізбен келуге немесе конькиді жалға алуға болады. Жалға алу ақылы, оның бағасын мұз айдындарына қызмет көрсететін ұйымдар белгілейді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз