Эстония үкіметі 20 қарашада, жұма күні Ресеймен шекарадағы барлық бес автомобиль өткізу пунктін — Нарва-1, Нарва-2, Койдула, Лухамаа және Саатсені жарты жылға жабу туралы шешім қабылдады. Адамдар мен көліктердің қатынасы 1 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 07:00-де (Астана уақытымен 10:00-де) тоқтатылады, ал алты айдан кейін билік тыйымды ұзарту-ұзартпауды шешеді, деп хабарлайды Эстонияның ERR телерадиокомпаниясы.
Мәскеу бұл шешімді «темір пердеге» теңеді. «Мұндай қадамдар Шығыстан төнетін әлдебір қатер деген жалған сылтаумен жаңа темір перде орнатуға тырысумен бірдей», — деді брифингте Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова. Оның айтуынша, Таллин бұл жоспарын жүзеге асырса, Ресей саяси және дипломатиялық шаралармен жауап береді.
Эстония премьер-министрі Кристен Михал үкімет отырысынан кейін Ресейдің дұшпандық әрекеттері «бәсеңдемей отырғанын» айтты. Ішкі істер министрі Игорь Таро Ресей арнаулы қызметтері өткізу пункттері арқылы жүретін Эстония азаматтарын қорқытып, өздеріне жұмыс істеуге тартуға тырысатынын, «бұған енді төзуге болмайтынын» мәлімдеді. Сыртқы істер министрі Маргус Цахкна шешім соңғы диверсия әрекетіне ғана емес, Эстония мен Еуропаға қарсы барған сайын күшейіп келе жатқан дұшпандық әрекеттер тізбегіне байланысты екенін атап өтті. Кремль шабуылға қатысы барын жоққа шығарған.
Тыйым жаяу жүргіншілер мен көліктерге қатысты, ал теміржол жүктері бұрынғыдай жүре береді, бірақ қатаң кедендік бақылаудан өтеді, деп хабарлайды Reuters. Эстония полициясының дерегінше, биыл Эстония–Ресей шекарасын 760 мыңға жуық адам кесіп өткен: оның 307 мыңы — Ресей азаматтары, 175 мыңы — Эстония азаматтары, 54 мыңы — Финляндия төлқұжатын ұстаушылар. Орысша сөйлейтін Нарва тұрғындарының көбі Ресейдегі туыстарына барып тұрады, ал Еуропадан келетін саяхатшылар Санкт-Петербургке осы қала арқылы жетеді. Еуропа мен Ресей арасында көлікпен немесе автобуспен жүретін қазақстандықтарға да 1 желтоқсаннан кейін Эстонияны айналып өтуге тура келеді — мысалы, Ресеймен өткізу пункттерін әзірге жаппаған Латвия арқылы.
Таллин шекараны жабатынын алғаш рет 15 қарашада мәлімдеді: бұған дейін Эстония контрбарлауы Threod Systems дрон зауытын өртеу әрекетін Ресейдің әскери барлауымен байланыстырған еді. Сол кезде билік күнін атағанымен, мерзімін айтпаған. Эстония НАТО мен Еуропалық одақтың мүшесі, Украинаны қолдайды. Көрші Финляндия Ресеймен құрлықтағы шекарасын 2023 жылғы желтоқсаннан бері жабық ұстап отыр, ал Латвия, Литва және Польша соңғы жылдары шығыс шекараларындағы қатынасты едәуір шектеді.



