Жаңаөзен маңындағы Рахат ауылында проектор жолға түсіретін жарық жаяу жүргінші өткелі көлік жүретін жолдың үстінде айнала бастады. Тұрғындар мұны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялады. Жаңаөзен қаласының әкімдігі ақауды ауа райымен түсіндіріп, проекторды қалыпты жұмысына қайтаруға уәде берді.
Әкімдіктің айтуынша, гобо-проектор Рахатта 19 қарашада орнатылған. Ол жолға жарықпен жаяу жүргінші өткелінің бейнесін түсіреді — бұл қараңғы уақытта жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін қажет. Алайда қолайсыз ауа райының салдарынан проектордың баптауы бұзылып, бейне жолда қозғалып, айнала бастады.
Тұрғындар мұндай «жаңалыққа» риза емес. «Бізде, Жаңаөзенде, ешкімнің ешнәрсеге ісі жоқ. Енді жолды қалай кесіп өтеміз? Көлік қағып кетсе, жүргізуші кінәсіз болып шығады ғой», — дейді олар.
Айналып тұрған өткелдің видеосын Lada.kz басылымы жариялады:
Әкімдік проекторды сол күні жөндеуге уәде берді. «Қазіргі уақытта проекторды орнатқан мердігер ұйымға анықталған кемшіліктерді жойып, құрылғының бастапқы баптауларын қалпына келтіру тапсырылды. Қалпына келтіру жұмыстары бүгін кешке жүргізіледі, содан кейін проектордың қалыпты жұмысы қамтамасыз етіледі», — деді Жаңаөзен қаласының әкімдігі Lada.kz сұрауына жауап бере отырып.



