Мазмұнға өту

Қырғызстан шетелдік интернет-трафикке монополияны «ЭлКатқа» берді

Басқа байланыс операторларына халықаралық арналарға жасалған шарттарын «ЭлКатқа» беру тәртібін келісуге 60 күн берілді.

Вывеска компании «ЭлКат» на фасаде здания
Фото: 24.kg

Қырғызстан Министрлер кабинеті «ЭлКат» мемлекеттік компаниясын елге халықаралық интернет-трафик кіретін және транзитпен өтетін жалғыз оператор етіп белгіледі. №765 қаулыға 19 қарашада Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Қасымалиев қол қойды, құжат 28 қарашада күшіне енеді, деп хабарлайды Kaktus.media.

«ЭлКат» желілерді шекара арқылы қосуға, халықаралық трафикті өткізуге, транзиттеуге және терминациялауға ерекше әрі мерзімсіз құқық алады. Басқа байланыс операторларына халықаралық арналарды жалға алу жөніндегі қолданыстағы шарттарын компанияға беру және шетелдік трафикті тек оның инфрақұрылымы арқылы алу ұсынылды. Шарттарды беру мерзімі мен кестесін қаулы күшіне енгеннен кейін 60 күннен кешіктірмей «ЭлКатпен» келісу керек. Енді әртүрлі елдердегі желі тораптарын байланыстыратын кез келген бөлінген арна арқылы өтетін трафик халықаралық деп саналады.

Салалық реттеуші шешімнің орындалуын бақылап, «ЭлКатпен» бірге барлық операторға бірдей жағдай жасайтын «экономикалық тұрғыдан негізделген және ашық» тариф саясатын әзірлейді. Компания табысын дата-орталықтарға, халықаралық интернет-шлюздерге, мемлекеттік шекарадағы резервтік талшықты-оптикалық желілерге және деректер транзитіне жұмсау ұсынылды. Министрлер кабинеті бұл шешімді цифрлық егемендікпен, стратегиялық ақпарат ағындарын мемлекеттің бақылауымен және ұлттық қауіпсіздікпен түсіндіреді. Қаулы ұлттық байланыс операторларының мәртебесін өзгертпейді.

24.kg жазуынша, провайдерлер, IT-мамандар мен депутаттар бұл жоспарды жоба кезінде-ақ сынаған. Олардың пікірінше, бүкіл трафик бір компания арқылы өтсе, ірі апат кезінде бүкіл ел интернетсіз қалуы мүмкін. Сонымен қатар бәсеке болмаса, байланыс жылдамдығы мен сапасы төмендеп, провайдерлер үшін баға өсуі, ал билікке сайттарды бұғаттау жеңілдеуі ықтимал. Президенттің Іс басқармасы көтерме тариф 1 Мбит/с үшін 0,75 доллар деңгейінде бекітілгенін, ал пилоттық кезеңде трафик көлемі 1,7 Тбит/с-ке дейін өскенін айтқан.

«ЭлКатқа» уақытша монополия 2025 жылдың жазында берілген: Президент Садыр Жапаровтың жарлығымен 2025 жылғы 15 тамыздан 2026 жылғы 14 тамызға дейін бір жылдық пилоттық режим енгізілді. Сол кезде компанияға «Акнет» провайдері де берілді. «ЭлКаттың» 2025 жылғы табысы 1,67 млрд сомнан асты (шамамен 19 млн доллар).

Көрші Өзбекстан басқа жолды таңдады: онда 2024 жылы бірқатар мемлекеттік компанияның ерекше құқықтары жойылып, 2025 жылдан бастап мобильді операторлар эксперимент ретінде сыртқы интернет-арналарға тікелей қосыла алады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз