Мазмұнға өту

Жыл соңына дейін елде 85 жаңа мектеп ашылады

Қазір салынып жатқан 101 мектептің қалған 16-сы 2027 жылы пайдалануға беріледі, ал жаңа ғимараттардың жартысынан көбі ауылда бой көтереді.

Вице-министр просвещения Казахстана Жайык Шарабасов рассказывает о строительстве школ
Фото: Министерство просвещения РК

Қазақстанда қазір 59,3 мың оқушы орнына арналған 101 мектеп салынып жатыр, оның 85-і 2026 жылдың соңына дейін, қалған 16-сы 2027 жылы ашылуы тиіс. Бұл туралы 20 қарашада Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов айтты. Салынып жатқан 101 мектептің 56-сы ауылдық жерде орналасқан.

«Халықтық құрылыс» бағдарламасы бойынша өңірлерде тағы 21 білім беру нысанын салу жоспарланған. Оның 20-сы ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту және сауықтыру кабинеттері бар жаңа форматтағы инклюзивті мектеп кешендері болмақ. Мұндай кешендер елдің барлық өңірінде пайда болуы керек.

Ескі ғимараттарды жаңарту жұмысы да қатар жүріп жатыр. 2019–2026 жылдары 1 916 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді, 2023–2025 жылдары 3 008 мектеп жаңғыртылды, ал 2021 жылдан бері білім беру ұйымдары 8 384 жаңа пән кабинетін алды.

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, елде 8 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді, оның 5 мыңнан астамы ауылда. Соңғы жеті жылда 1 млн-нан астам орынға арналған 1 342 мектеп пайдалануға берілді. Осы кезеңде үш ауысымды мектептер саны бес есе, апатты мектептер екі есе, ал оқушы орындарының жалпы тапшылығы төрт есе қысқарды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың орындық 217 жаңа форматтағы мектеп салынды, оның 84-і ауылда. Сыбайлас жемқорлардан өндірілген қаражат есебінен толығатын Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры тағы 100 мыңға жуық орындық 90 нысанды қаржыландырды: олардың 83-і қазір жұмыс істеп тұр, жетеуін жыл соңына дейін ашу жоспарланған.

Сол баспасөз конференциясында Жайық Шарабасов 16 мың орындық 11 жаңа колледж салу жоспары туралы да хабарлады. Қазір елде 763 колледж және 45,6 мың орындық 602 студенттік жатақхана бар, 2019 жылдан бері 91 жатақхана салынды. Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде соңғы үш жылда 234 мың жаңа орын ашылды: Қазақстанда 12 мыңнан астам балабақша мен шағын орталық жұмыс істейді, оларға 1 млн-нан астам бала барады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз