Қазақстандық актер Жасұлан Көпберген II Ашық Еуразиялық «Бриллиантовая бабочка» кинопремиясында үздік актер атанды. Ол бұл марапатты режиссер Думан Еркімбектің QAITADAN («Қайтадан») фильміндегі басты рөлі үшін алды. Марапаттау рәсімі 12 қарашада Мәскеуде өтті, қорытындысын Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Қазақстанға екінші марапатты оператор Александр Плотников әкелді. Ол Фархат Шәріповтің «Эвакуация» тарихи драмасы үшін «Үздік оператор» номинациясында жеңіске жетті. Фильмді Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Картина Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанға эвакуацияланған адамдардың тағдырын баяндайды. Шәріпов бұл фильмнің режиссері, сценарий авторы әрі продюсері.
QAITADAN — Думан Еркімбектің алғашқы толықметражды фильмі. Қала жігіті ауылға келіп, уақыт тұзағына түседі, ал оқиға жауапкершілік, өзара көмек және ұрпақтар арасындағы қарым-қатынас туралы. Министрліктің дерегінше, бұл — мемлекет қолдауымен түсіріліп, прокатта 1 млрд теңгеден астам қаражат жинаған алғашқы қазақстандық фильм. Сыйлық жеңімпаздарының тізімінде картина «Рестарт» деген орысша атаумен берілген.
Биыл марапат үшін 19 елден 41 фильм бақ сынасты, жеңімпаздар 12 номинация бойынша анықталды. Сыйлықтың қысқа тізіміне тағы екі қазақстандық фильм — Әділ Мерекенің «Осенний бриз» және Гүлшат Смағұлованың «Граждане крыши» картиналары енді. Екеуі де министрлік пен Кино орталығының қолдауымен түсірілген.
Үздік фильм ретінде басты жүлдені Никита Высоцкий мен Илья Лебедевтің ресейлік «Август» әскери детективі алды. Үздік режиссер атағы «Айтматов» фильмі үшін қырғызстандық Каныбек Калматовқа берілді — бұл картинаның Қазақстандағы тұсаукесері 3 желтоқсанға ауыстырылған. Әлем киносына қосқан үлесі үшін берілетін сыйлық актриса Алиса Фрейндлихке табысталды.
«Бриллиантовая бабочка» сыйлығын Еуразиялық кинематография өнері академиясы табыстайды, биылғы рәсім — қатарынан екінші. Eurasia24 басылымының жазуынша, негізгі кәсіби номинациялардың лауреаттары мүсіншеден бөлек бес караттық якут гауһарын алған.



